Қырғызстаннан шетелдерге көшіп кетуге ниет білдірушілер саны күрт көбейді

Елшіліктің түсініктемесіне сәйкес, 24-наурыздағы оқиғаға дейін елшілікке күн сайын 60 адам келетін, ал одан кейін республикадан көшіп кетуге ниет білдірушілер саны 4-5 есе өсті.

Билік тарапынан орыс тілінің ресми тіл деген мәртебесі сақталады және Ресей Федерациясымен достыққа бағытталған бағдар сақталады деген мәлімдемелер жасалғанына қарамастан, республикадағы орыс тілді тұрғындар Қырғызстаннан көшіп кетуге талпынуда. Көп жағдайда оқиғаның бұлайша өрбуіне ұлтаралық араздықты өршітуге шақырған үнпарақтардың таратылуы себепкер болған.
Сонымен бірге Беларусь, Қазақстан және Украина елшілігіндегілер де көші-қон туралы арыз бергендер саны арта түскенін растады. Қарапайым азаматтар ғана емес, сонымен бірге шетелдік кәсіпкерлер де алаңдаушылық білдіріп, республикадағы бизнестерінің даму мүмкіндіктеріне шәк келтіре бастады.
Қырғызстанда жаппай көші-қон белең алған алғашқы кезең Кеңес Одағы ыдыраған тұсқа орайлас келеді. 1989-1991-жылдар аралығында орыстар мен орыс тілді тұрғындардан 214,9 мың адам көшіп кетті. Ал көші-қон ауқымы 1992-1993-жылдары шарықтау шегіне жетті. 1992-жылы республикадан 103,7 мың адам қоныс аударса, 1993-жылы 143,6 мың адам шетелдерге кетті. Орыс тілді тұрғындар арасынан ең көп қоныс аударғандардың ұлттық құрамына келсек, 1991-1993-жылдары республикадан 122 мың орыс, 25,4 мың неміс, 16 мың украин ұлтының өкілдері көшіп кетті. 1994-жылдан бері республика аясындағы миграция ауқымы біртіндеп азая бастаған.
Социологиялық зерттеулердің қорытындысы бойынша, 2000-жылдан бері көшушілердің жас мөлшері айтарлықтай жасара бастады. 90-жылдардың алғашқы жартысында көбінесе қарт адамдар қоныс аударса, соңғы 5 жылда республикадан кетіп жатқандардың орташа жас мөлшері 30- 35 аралығында.
Қазіргі таңда Қырғызстанда 80-дей ұлттың өкілдері тұрады. Республика халқының саны 5,2 млн. адамды құрайды.