Қырғызстанның Ош облысында жер сілкінісінен 58 адам қаза тапты (толықтырылған нұсқасы)

Қырғызстанның ТЖМ-нің хабарлауынша, ауылдағы 150 үйдің 120-сы толық қирап, 50 -ден астам адам зардап шеккен, жол қирап, байланыс үзілген. Оқиға орнына бүгін таңертеңгі сағат 8.40-та Қырғызстанның төтенше жағдайлар министрі Камчыбек Ташиев пен Ош облысының губернаторы Аалы Карашев құтқарушылармен бірге аттанып кетті.

Жер сілкінісі кеше сағат 22.53-те болған, сілкініс ошағында оның қуаты Рихтер өлшемі бойынша 8 баллға жеткен.

Жер сілкінісінің ошағы болған Алай ауданында жер сілкінісінің қуаты 8, облыс орталығы -Ош қаласында - 6,5, Бішкекте - 3-4 балл болды.

Бұдан бұрын да хабарлағанымыздай, ҚР Білім және ғылым министрлігінің сейсмология институтының мәліметінше, 5 қазанда сағат 21.54-те Қырғызстан аумағында энергетикалық классы 14,5 болатын жер сілкінісі болды. Оның ошағы Алматыдан оңтүстік-батысқа қарай 405 шақырымда болды.

Таразда қуаты 3-4 балл, Алматы мен Шымкентте 2 балл жер асыты дүмпулері сезілді. Құрбан болғандар, зардап шеккендер мен қираулар туралы ақпарат келіп түскен жоқ.