Қырғызстан СІМ баспасөз қызметінің ақпаратына сәйкес, кеше Қырғызстан СІМ мен ТЖМ өкілдері елде аккредитацияланған шетелдік елшілермен кездесті. Кездесудегі басты тақырып ағымдағы жылдың 1 -қаңтарындағы жер сілкінісінен зардап шеккен оңтүстік өңір тұрғындарына гуманитарлық, техникалық және қаржылай көмек тарту мүмкіндігі төңірегінде болды.
Осы орайда еске салсақ, зілзала салдарынан 990 үй мен 9 мектеп жартылай қирады. "Кездесуде республиканың оңтүстігінде болған жер сілкінісінің зардаптарына қатысты ақпарат таныстырылып, азық-түлік, одеяло, шатырлар, жылытқыш құралдар мен құрылыс материалдары секілді күнделікті қажетті бұйымдардың тізімі тараталды", - деп нақтылайды баспасөз қызметі.
Отырыс қорытындысы бойынша Қырғызстанның шетелдердегі елшіліктеріне елдердің тиісті құрылымдарымен Қырғызстан ға қаржылай көмек көрсету және қайырымдылық көмек тарту мәселелері бойынша жұмыс жүргізуге тапсырма берілді.
СІМ-нің жанынан жұмыс тобы құрылып, оған Қырғызстанда аккредитацияланған дипломатиялық миссиялар мен халықаралық ұйымдардың өкілдерімен шұғыл жауап қату және түсіндіру жұмыстарын жүргізу функциясы жүктелді.