Қыркүйекте Қазақстанның қатысуымен бірнеше халықаралық экономикалық форум өткізіледі



Атап айтсақ, 24-25-қыркүйекте Вашингтонда Халықаралық валюта қоры мен Әлемдік банк басқармалары кеңесінің жыл сайынғы жиналысы өтеді. Оған Ұлттық банк төрағасы Әнуар Сәйденов пен ҚР қаржы министрі Арман Дунаев қатысады. Жиналыста әлемдік экономикалық өсім, ақша-қарыз және фискалдық саясатты жүргізу, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету, кедейлікпен күрес стратегиясын жүзеге асыру мәселелері талқыланбақ.
Алматыда екі ауқымды шара өткізу межеленген. Мәселен, 21-22-қыркүйекте "Ақша-қарыз саясатын жүргізудің тиімді нобайын таңдау" тақырыбында дөңгелек үстел өткізіледі. Бұл шара ЕурАзЭҚ-қа мүше-мемлекеттердің орталық (ұлттық) банктері арасындағы ынтымақтастық туралы келісімнің аясында ұйымдастырылмақшы. Дөңгелек үстелге Чехия, Польша, Литва, Израиль және ТМД елдерінің орталық банктерінің өкілдері шақырылған. Форумға қатысушылар дамушы және ауыспалы экономикалы елдердің орталық банктеріне тап келіп отырған қиындықтар туралы талқылап, ақша-қарыз саясаты саласындағы тәжірибелерімен бөліседі.
Ал 26-28-қыркүйекте Алматыда "Төлем жүйесі - қаржы жүйесінің құрамды бөлігі" тақырыбында орталық (ұлттық) банктер өкілдерінің кездесуі өтеді. ҚР Ұлттық банкі ұйымдастыратын бұл кездесуге Ресей, Украина, Беларусь, Молдова, Армения, Әзербайжан, Тәжікстан, Қырғызстан сынды ТМД елдері мен Латвия, Австрия, Италия, Түркия және Жапонияның орталық банктерінің өкілдері қатысады. Кездесуде өкілдер өз елдеріндегі төлем жүйелері туралы баяндама жасайды.

i>Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті