Бұл туралы бүгін ҚР Білім және ғылым министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісінде ведомство басшысы Аслан Сәрінжіпов мәлім етті.
«Елбасы өзінің «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында елімізді әлемдегі ең дамыған 30 елдің қатарына қосудың стратегиялық мақсаттарын анықтап берді. Министрлікте 2014-2016 жылдарға арналған жұмыс жоспары әзірленді. Ол Президенттің алға қойған міндеттерін толығымен шешуге бағытталған», - деді министр.
Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау үшін министрлік 2016 жылға дейін ауқымды жұмыстарды жоспарлап отырғанына тоқталған А. Сәрінжіпов: «Біріншіден, мектепке дейінгі біліммен 3-6 жас аралығындағы балаларды жүз пайыз қамту үшін «Балапан» бағдарламасы 2020 жылға дейін ұзартылды. Мектепке дейінгі білім беру ұйымдарының құрылысы 9,6 млрд. теңгеге жоспарланып отыр және мектепке дейінгі білімге мемлекеттік тапсырысты 47,2 млрд. теңгеге арттыру көзделген», - деді.
Оның сөзіне қарағанда, екіншіден, биылғы жылы балаларды ертеден дамытудың тұжырымдамалы негіздері әзірленеді. Қыркүйектен бастап балабақшаларда жаңартылған бағдарламалар пайдаланылады. «Үшіншіден, жоғары оқу орындарындағы жаңа мемлекеттік тапсырыс мектепке дейінгі білімнің педагогтары үшін гранттар санын арттыруды қарастырады», - деп тоқталды министр.