Қайрат Қырықбаевты полицейлер оңтүстік астанадағы жазғы мейрамханалардың бірінде түстеніп отырған кезінде құрықтады. Ол осыдан 5 жыл бұрын ауыр қылмысы үшін 18 жылға сотталып, бірақ жанындағы серігімен тура тергеу изоляторынан қашып кеткен болатын. Осы уақытқа дейін қандықол қарақшы ТМД елдері мен Араб Әмірлігінде бой тасалап жүріпті. Алайда, із кесушілер қылмыс әлемінің серкесін Алматыда қолға түсірді. Сонымен бірге, үстіміздегі жылдың мамырында Араб Әмірлігінде Қайраттың туған ағасы Алмас та тұтқындалған болатын. Тәртіп сақшылары атақты «Қырықбаевтар» қылмыстық әулетінің іздеуде жүрген барлық мүшелерін ұстағанын айтады.
Нұржан Қалметов, Жамбыл облыстық ІІД Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы:
- Барлығы 10 ағайынды. Олардың 4-еуі сотталды, 2-уі тұтқындалды, 1-еуі іздеуде және үшеуі біздің қалада тұрып жатыр. Жастары 60-ты алқымдап қалған. Ешқандай қылмыспен айналыспайды.