Қыс ортасында тізеден балшық кешіп жүр

Қала іргесіндегі «Бірлік» ықшам ауданының жұрты жаңбыр жауып, қар ерімесе екен деп тілейді. Себебі, Бекет ата мен Қорқыт ата есімін иеленген көшенің тұрғындарының 10 жылдан бергі көрген күні осы. Қыс кезінде көліктерін жалғыз күре жолдың бойына тастап, үйлеріне белуардан балшық кешіп, әрең жетеді.

Жанат Жәрдемғалиев, Атырау қаласының тұрғыны:

-Машина келе алмайды. Ал өзіміздің жеке машиналарамыз, әр үйде машина бар, жаңбыр жауған күндері кіре алмай, асфальтқа қоямыз. Сол жерден ұрлайтынын ұрлап жатады, тонайтынын тонап жатады.

Қыста жер қатып, жұрт балшықтан біраз уақытқа құтылатын еді. Биыл ол да болмай тұр. Екі күннің бірінде жаңбыр, арты жылымық. Балшығы езілген жолда жүре алмай, жұрт соңғы кезде балаларын мектепке апарудан да қалыпты.

Бақтылы Тәшім, Атырау қаласының тұрғыны:

-Балалардың мектепке қатынауына қиын. Қыстың кезінде, күн салқын кезде аяқтарына резеңке етік киіп жүреді балалар екінші сменка қылып. Балаларға обал.

Мұңын айтқан мұндағы бұқараға жергілікті әкімдік 10 жылдан бері түрлі сылтау айтып, сөзбұйдаға салып келе жатыр екен.

Арман Әділғалиев, Атырау қалалық әкімдігінің баспасөз хатшысы:

-Бүгінгі таңда Атырау қаласы әкімдігімен Бірлік поселкесінің 5 көшесіне жол төсеу үшін, атап айтсақ, Бекет ата, Қорқыт ата және тағы басқа көшелердің жобалау-сметалық құжаттары жасақталған, ал құрылыс жұмыстары алдағы жылы қаржы бөлінген соң іске асырылатын болады.

Қысқасы,«бірліктіктер» үшін биыл немесе келесі жылы жол салынады деп кесіп айту қиын. Себебі, қазынадан қашан қаржы бөлінетінін шенеуніктердің өзі де білмейді. Сондықтан жұрттың әзірге балшық кешіп, аяғындағы резеңке етігі мен өз күшіне сенуден өзге амалы жоқ.