Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры желісі пайдалануға берілгеннен кейін бірінші кезекте Баку-Супса мұнай құбыры толтырылып, содан кейін барып қалған мұнай Баку-Тбилиси-Жейханға жіберіледі деген BP-Azerbaijan компаниясының президенті Дэвид Вудвордтың мәлімдемесіне түсініктеме берген Н.Әлиевтің айтуынша, "Супса бағытын сақтап қалуға итермелеп отырған бірнеше фактор бар". "Бірінші кезекте бұл экономикалық тиімділікке байланысты. Қысқа мерзімді перспективада жуық арада тіпті Супса бағыты Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры желісінен гөрі тиімдірек. Егер бүкіл мұнай Баку-Тбилиси-Жейхан құбыр желісіне жіберілген жағдайда Баку-Супса мұнай құбыры жартылай қуатымен жұмыс істеп, бізді айтарлықтай шығынға ұшыратар еді",- деді Н.Әлиев.
Өткен аптада BP-Azerbaijan компаниясының президенті Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры желісін пайдалануға беру "батыс бағыттағы" Баку-Супса мұнай құбыры желісінің жұмысына әсер етпейді деп мәлімдеген. Оның айтуынша, Әзербайжан халықаралық операциялық компаниясының акционерлері ("Азери-Чираг-Гюнешли" кенішін игеруші) бірінші кезекте Баку-Супса мұнай құбырына тәулігіне 140 мың баррель мұнай жіберіп, одан артылған мұнай Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры желісіне айдалады. Баку-Тбилиси-Жейхан мұнай құбыры пайдалануға берілген алғашқы жылы онымен тәулігіне 100 мың баррель мұнай айдалады деп межеленуде. Ал құбыр желісінің бастапқы өткізгіштік қабілеті тәулігіне 500 мың баррельді құрайды.
"Батыс бағыттағы" Баку-Супса мұнай құбыры желісі 1999-жылдың сәуір айында пайдалануға берілген. Құбыр құрылысына 530 млн. доллар жұмсалды. Мұнай құбырының өткізгіштік қабілеті жылына 7 млн. тоннаны құрайды.
Баку-Тбилиси-Жейхан негізгі экспорттық мұнай құбырының жалпы ұзындығы 1767 шақырымды құраса, оның 443 шақырымы -Әзербайжан, 248 шақырымы Грузия, 1076 шақырымы Түркия арқылы өтеді. Құбырдың өткізгіштің қабілеті жылына 50 млн. тоннаны құрайды. Құрылыс жұмыстары тікелей 2003-жылдың сәуір айында басталып, 2004-жылдың 4-тоқсанында аяқталады деп күтілуде. Мұнай құбырының Әзербайжандық бөлігі 2004-жылдың қыркүйек айына дейін, Грузиялық бөлігі 2004-жылдың қазан айына дейін, Түркиялық бөлігі 2004-жылдың соңына дейін салынып бітуі тиіс. Түркиядағы Жейхан айлағынан Әзербайжан мұнайы 2005-жылдың екінші тоқсанынан бастап экспорттала бастайды.