Тек әкімдердің сөзі мен ісі қабыспай жататыны бар. Былтыр Кентауда жылу электр станциясы істен шығып, ақпанның аязында тұтас қала қатып қалған еді. Одан бөлек, Семей Теміртау, Арқалықта да қыстан қысылып әзер шықты. Бірақ жауапқа тартылған әкімді көрмедік. Дәл осы шаһарлар биыл да үшінші жыл қатарынан «қара тізімге» еніп отыр. Бүтін бір облыс орталығы - Петропавл тұрғындары да дірдектеп шығуы ғажап емес. Себебі атқамінерлер ала жаздай арқаны кеңге салып, суық түскенде ширақ қимылдауға көшкен. Одан қалды бірқатар аймақтарда отын мәселесі әлі шешілмепті. Алайда әкімдер 100 пайызға әзірміз деп әдеттерінше бет бақтыремес . Бұған премьер күдіктеніп, жылу берілетін мерзім яғни 15-ші қазанға дейін тұрғынүйлер мен аурухана, мектеп, балабақша секілді әлеуметтік нысандардың әзірлігін тағы тексеріп шығуды жүктеді.
Серік Ахметов, ҚР премьер-министрі:
- Жылу орталығының директорлары бір орнында тапжылмай отырып алған. Жыл сайын дайындықты құрдымға жібереді. Кесірін қарапайым халық тартып отыр. Кінә солардан болса жұмыстан қуу керек. Әкімдерді де осындай жаза күтіп тұр.