Қысқа толқынды пеш тағамның құнарлығына әсер ете ме?

Бұл тұжырым рас па?, деп жазады Baq.kz ақпарат агенттігі CNN басылымына сілтеме жасап.

Бұл сұрақтың жауабы сізді таңғалдыруы мүмкін

Тамақ әзірлеудің кез-келген әдісі белгілі бір деңгейде нәрлі заттардың жоғалуына алып келеді. Висконсин-Мэдисон Университетінің тағамдық ғылымдар кафедрасының меңгерушісі, профессор Скотт А. Ранкиннің айтуынша, сол себепті бұл проблеманы қарастырған кезде нәрлі заттардың қандай деңгейде жойылатынына мән беру керек. «Қысқа толқынды пеште тамақты жылытқан кезде, оның құрамындағы нәрлі заттар аздаған мөлшерде ғана жоғалады», дейді Ранкин.

Ал тамақ жасау кезінде азық-түлік өнімдерінің құрамындағы нәрлі заттардың жоғалуына астың әзірлену уақыты (тамақ ұзақ дайындалған сайын, нәрлі заттар көбірек жойылады), температура (жылу көп болған сайын, нәрлі заттар да көбірек жойылады), тамаққа құйылатын сұйықтық мөлшері (тамаққа көп мөлшерде судың құйылуы нәрлі заттарды көбірек жояды) сияқты факторлар әсер етеді.

Қысқа толқынның әсері

«Қысқа толқынды пеш тамақтағы су молекулаларын жұтып алатын толқындарды шығарады. Нәтижесінде ол молекулалар жылу бөледі де, тамағыңыз да жылынады», дейді Ранкин. Оның айтуынша, қысқа толқынды пеште тамақты жылыту үшін аздаған мөлшердегі сұйықтық жеткілікті болады. Мысалы, брокколиді суда қайнататын болсақ, су жасыл түске боялып, оның құрамындағы суда еритін С дәрімені секілді заттар жойылып кетеді. Ал қысқа толқынды пеште ол жойылмайды.

Сонымен қатар қарапайым пеште тамақ әзірлеген кезде ыстық ауа сырттан әсер ететіндіктен, тамақтың түрі де біршама өзгеріске ұшырайды. Бұл да өнім құрамындағы нәрлі заттардың көптеп жоғалуына алып келеді. Ал қысқа толқынды пештерде температура біркелкі көтерілетіндіктен, ол тамақтың бойына бір уақытта тарап, өнімді қажетті температураға дейін ғана жылытады. Бұл процесс азық-түлік құрамындағы нәрлі заттардың көп мөлшерде жоғалуына әсер етпейді.


Қысқа толқынды пеште булау

Азық-түлік өнімдерін суда қайнаттқаннан гөрі, буға пісірген пайдалырақ. Себебі суда қайнату нәрлі заттардың жоғалуына әсер етеді.

«Қысқа толқынды пешке тамақ салар кезде ішіне аздаған мөлшерде су қоюға болады», дейді диетоло, Тамақтану және диетология академиясының баспасөз хатшысы Уитни Линсенмайер.

«Ғалымдар жүргізген зерттеулер көрсеткендей, қысқа толқынды пеш өнім құрамындағы ылғалдың азаюына алып келеді. Дегенмен, бұл өнім құрамындағы нәрлі заттардың жоғалуына еш әсерін тигізбейді», дейді Ранкин.

Қайткен күнде де, ас әзірлеу кезінде уақыт маңызды. Яғни, тамақты жылдам дайындауға мән берген жөн. Сонымен қатар суды көп мөлшерде құйып тамақ пісіретін әдістерден барынша аулақ болған жақсы. Себебі жоғарыда айтқанымыздай, тамақ әзірлеу барысында көп мөлшерде сұйықтық қосу да нәрлі заттарды жойып жібереді.