Қысқы Азия ойындары кезінде барлық қалалық қызмет қатаңдатылған жүйеде жұмыс істейді - Алматы әкімі

Ойындардың өткізілуіне 80 күн қалғаны айтылып, оған қаланың дайындығы пысықталды. Қалалық құрылымдар басшыларының Азия ойындарына дайындығы туралы хабарламалары тыңдалды. Құзырлы органдар басшыларының айтуынша, қаладағы спорттық шаралар өтетін барлық нысандардың құрылысы мен жөндеу жұмыстары іс жүзінде аяқталды деуге болады. Соңғы нысандардың бірі «Медеу-Шымбұлақ» коммерциялық аспалы жолы пайдалануға беріледі. Желтоқсанның ортасында «Шымбұлақ» демалыс кешені ашылады.

А.Есімов ойындардың дайындығы мен өткізуді жеке бақылауына алғандығын атап өтті. Сондай-ақ ол Талғар ауданында орналасқан «Табаған» ойын-сауық кешеніне назар аударды. Өйткені кешенде осы айда тесттік жарыстар өтеді. Естеріңізге сала кетейік, алғашқы тесттік сайыстар халықаралық шаңғы кешенінде өткен болатын. Онда 12 елдің спортшылары шаңғы тұғырынан секіруден сайысқа түскен еді. Бүгінде бұл нысан әлемдегі ең үздік спорттық кешендердің қатарына жатқызылып отыр.