Қысқы Азия ойындарында БҚО-дан ел намысын қырыққа жуық спортшы қорғамақ

Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасынан түскен мәліметке қарағанда, батысқазақстандықтардың басым бөлігі - допты хоккей шеберлері. Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары Александр Ионкин мен Алексей Никишов бастаған, «Ақжайық» допты хоккей клубы ойыншыларынан құралған команда құрамында Нұрлан Оразғалиев, Еламан Әліпқалиев, Самат Аманшин, Ескендір Нұғманов, Арыстан Қазыбаев сынды қазақ жастары да бар. Қазақстандық допты хоккей шеберлері - Азия ойындарында алтын жүлдеден бірден-бір үміткер.

Шаңғыдан талай жарыстарға қатысқан тәжірибелі спортшы, бұдан бұрын да қысқы Азия ойындарында топ жарып, чемпион атанған Елена Антонова мен болашағынан үміт күттіретін жас Алла Головатенко (бапкері Сергей Антонов) дайындалып жатса, шорт-тректен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мәдіғали Қарсыбеков баптайтын Айдар Бекжанов, Артур Сұлтанғалиев, Данабек Қайыров, Азамат Нұрмағанбетов, Абзал Әжіғалиев, Инна Симонова, Ксения Мотова сынға түседі. Мәнерлеп сырғанаудан Ресей Федерациясының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Светлана Алексеева мен Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы Мүсілім Оңдағанов бәйгеге қосатын Виктор Адоньев пен Виктория Кучеренко жұбына үміт артылып отыр.