Азия ойындары Алау эстафетасының дирекциясы басшысының орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, жуырда Азия ойындарын ұйымдастыру комитетінің атына Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімовтен Алау эстафетасының Алматы қаласы бойынша алаугерлер санын 60-тан 80-ге дейін арттыру туралы ұсыныс хат түсті.
Естеріңізде болса, бұған дейін бекітілген кесте бойынша Алау эстафетасына республика бойынша барлығы 1 мың адам, яғни 14 облыс пен Алматы қаласынан - 60, Астана қаласынан - 100 адам қатысуы тиіс болатын.
«Алматы қаласы елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызы зор ірі мегаполис екендігін және Азия ойындары өткізілетін екі қалалардың бірі болғандықтан ұсыныс хатты қолдап, ол жөнінде тиісті хатты Азия Олимпиадалық кеңесінің президенті Шейх Ахмад Әл-Фахд Әл Сабахқа жолдадық. Қазір жауап күтіп отырмыз», - деді С.Құранбек.
2011 жылғы қаңтардың 12-сі күні Қазақстанда 7-ші Қысқы Азия ойындарының Алау эстафетасы басталады. Айта кетейік, Олимпиада Алауы эстафетасы Қысқы Азия ойындарының тарихында тұңғыш рет өткізілгелі отыр. Қазір барлық аймақтарда облыс әкімдерінің төрағалық етуімен эстафета алаугерлерін іріктеу комиссиялары құрылып, азаматтардан өтінімдерді қабылдап жатыр.
Бұған дейін, алаугерлерді іріктеуді алдағы қазанның 1-і күні барлық жерде бір мезгілде аяқтау белгіленген болатын. Кейін үміткерлердің тізімін ҚР Туризм және спорт министрі, ҚР Ұлттық олимпиада комитетінің президенті, төраға орынбасары Темірхан Досмұхамбетов қарап, бекітуі тиіс еді.
«Алаугерлерді іріктеу уақыты жазғы демалыстар кезіне түсіп отырғандықтан оны ұзартуды қарастырудамыз. Азия Олимпиадалық кеңесінің мақұлдауын күтіп отырмыз», - дейді С.Құранбек.
Іріктеу ағымдағы жылғы маусым айының 1-інде басталды. Бүгінгі күнге дейін әр облыста алаугер болу талаптарына толығымен сәйкес келетін 150-200 азаматтың өтініштері жинақталды. Мәселен, Алматы облысында - 150 үміткер, Солтүстік Қазақстанда - 100-ден артық.
Айта кету керек, Алау эстафетасын өткізудегі басты мақсат - бұқаралық, оның ішінде балалар мен жасөспірімдер арасында спортты насихаттау болғандықтан, іріктеудегі жас ерекшелік 14 жасқа дейін төмендетілді.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған Жолдауында да бұқаралық спортты дамыту қажеттігін және алдағы 7-ші Қысқы Азия ойындары барысында соған назар аудару қажеттігін айтқан болатын. Сондықтан, астафетаға облыстардан жауапты тұлға ретінде әкімдер ғана қатыстырылмақ. Алаугерлердің 70 пайызын ауылдық жерлерден, 30 пайызын қала халқы арасынан таңдауды жоспарлап отырмыз», - деді ол.
Эстафета барысында әрбір алаугер 200 метр қашықтықты жүгіріп өтуі тиіс болады. Эстафетаның жалпы қашықтығы 15 мың шақырымнан астам. Оларға арнайы автоколонна ілесіп жүреді.