Қыста қайда демалуға болады?

Күнге қыздырынып, суға түсуді кім жақсы көрмейді дейсіз?! Сол себепті болар, адамдар мүмкіндігінше демалысқа жаймашуақ жазда шығуға тырысады. Бірі – денсаулығын жақсартуда шипажайларға барады, екіншілері – отбасымен бірге табиғат аясында тынығады. Ал, қыста мүмкіндігі барлар Түркия, Тайланд секілді жылы  елдерге саяхаттайды. Қалтаға салмақ салмай, қыста өңірімізде қандай орындарда отбасымен, не достармен демалуға болады? 

Шаңғы теуіп, шана сүйреу

Сақырлаған аяз бен борандата жауған қардың ағзаға тигізетін пайдасы орасан. Сондықтан, мамандар саулығын жақсартамын дегендер үшін қыс мезгілі – демалыс үшін таптырмас уақыт екенін айтады. Осы кезеңде ауада оттегі мөлшері 10-15%-ға көтеріледі. Ендеше, керемет демалысты тауда шаңғы тебумен өткізуге болады. Бұл үшін таулы аймақтарда арнайы демалыс орындары ашылған. Өңірімізде Қазығұрт, Төлеби, Түлкібас аудандары қыста демалуға қолайлы мекендер. Тау жоталары мен қыраттары кімді болса да тамсандырмай қоймайды. Мәселен, Төлебидің Ленгер қаласынан 25 шақырым қашықтықта Батыс Тянь-Шань тауының етегiнде «Тау Самалы» шатқалында орналасқан «Алатау» тау шаңғы базасында қыста демалушылардың қарасы көбейеді. Шаңғы теуіп, шанамен сырғанауды әуес ісіне айналдырғандарды сол жақтан табуға болады.
Бұған аса көп дайындық қажет емес. Демалысқа қажетті шаңғы, сырғанауға керек өзге де заттардың дерлігі базадан табылады. «Тау самалы» шаңғы турбазасына кіру ақысы – 200 теңге, онда шаңғыны жалға алу – 3000, шана мен сноуборд – 1000 теңге, ал арнайы спорттық киімдер – 1500 теңге тұрады.
Төлеби ауданында бұдан бөлек, 40-қа жуық демалыс орны бар. Олардың ішінде «Байқоңыр», «Алма тау», «Айнабұлақ», «Таукөл» демалыс орындары демалушыларға жыл бойы үздіксіз қызмет көрсетеді. Онда көзтартарлық табиғатта тыныстап, ұлттық тағамдар ұсынатын асханасынан дәм татуға болады.

Шипажайларда демалу

Жылына бір келетін демалысын денсаулық күтіміне арнайтындар көп. Тіпті, бұл үшін жылына бір-екі рет арнайы емдік сулары мен сазы бар емдік-сауықтыру шипажайларына барады. Жалпы, өңірде, Сарыағаш және Сайрам ауданында емдік шипажайлар көптеп орналасқан. Осы шипажайларда көктем мен қара күзге дейін  бос орын болмайды. Ал, қысқа қарай емделушілердің легі саябырсиды. Сондықтан, демалыс осы кезеңге тура келгенде  шипажайға емделіп қайтқан артық болмайды. Мәселен, өңірімізде «Сарыағаш» емдік оңалту кешенінде емделу құнын атап өтейік. «Стандарт» нөмірлерде 10 күн демалу тәулігіне корпусқа қарай 6200-6700 теңге аралығында. «Жартылай люкс» нөмірі 10 күнге тәулігіне 8500 теңге. «Люкс» нөмір тәулігіне корпусқа қарай 9500, 12000, 15000 теңгені құрайды. Ал, «Манкент» шипажайында ем қабылдау тәулігіне 6000-13000 теңгенің аралығында. Қызылорда қаласындағы «Жаңақорған» шипажайында табиғи лаймен емдеу процедуралары тәулігіне  7500-12500  теңге аралығында тұрады.

Жылы жаққа саяхат

Егер қалта көтерсе, қыстың өзін жазға айналдыруға болады. Экзотикалық елдердегі күн шуағы төгілген жағажайларда күнге қыздырынып,  теңіз суына шомылып, коктейль ішуге болады. Кемі 10 күндік демалыста сол елдің мәдениетін танып, тарихынынан сыр шертетін орындарын аралап-көріп қайтуыңызға мүмкіндік зор. Демалыстың бұл түрі  денсаулыққа да пайдалы көрінеді. Себебі, қыста адамға күннің көзі жетіспейді де шаршап, күйзелісте жүргенде көңіл-күйге ерекше әсер етеді. Тек климат ауыстырғанда жылы жердің ауа-райына ағза үйрену үшін кемінде 5-7 күн уақыт кетеді екен. Туристік агенттік мамандары Малазия, Дубай, Үндістан, Тайланд, Индонезия секілді елдерге саяхаттауға кеңес береді. Ендеше, алыстағы аязды ұмытып, жылылықтың лебін сезініп қайту жоспарын кейінге қалдырмаңыз.