Қысы ұзақ Қарағандыда ең әдемі гүлдер өсіріліп жатыр

30 жылдық еңбек тәжірибесі бар агрономның аялы алақанынан биыл жылыжайдағы мына 15 сұрыпқа бөлінген 235 мың гүл бүр жарды. Оның барлығының тұқымы мұздатылған күйде тікелей Голландиядан жеткізілген.

Галина Кизилова, агроном: 

Біз дайын тоңазытылған баданасын аламыз. Ары қарай технологияның барлығын сақтап мерекелерге 3 апта уақыт қалғанда жылыжайдағы температураны көтере бастаймыз. Мұнда уақыт пен температураны мөлшерін сақтай отырып, 23 ақпаннан бері қарай шығарып келеміз.

Иісті-иіссіз, қызыл, алқызыл, ақ, сары, күлгін сияқты сөзбен жеткізе алмайтын қызғалдақтың түрлерінен айтса жақ талып, қараған көз сүрінеді. Атаулары да Тойота, Барселона, Алибелла, Конкьюера деп тізбектелгенімен, негізінен бұлар Дарвиндік және Триумф деп аталады. Ал әлемде осындай 80 топтың барын ескерсек, мына сұлулық табиғат сыйының бір тамшысы ғана екені айтпаса да түсінікті. Бірақ, жылыжай жағдайында бүр жарғанымен гүл ашатындары санаулы. Тіпті мұнда келген ұрықтың 15 пайызы шықпай немесе гүл ашпай қалған. Ал биыл сұранысқа ие болған Барселона қызғалдағы екен. Олардың өнімі де, иісі де жақсы болған соң қызметкерлер көбіне осы түрді сатуға көптеп жіберіп жатыр.

Арай Қонысбаева, жылыжай жұмысшысы:

- Әзірше ашылмаған тюльпандар одан кейін ашылғаннан кейін өліп қалмауы үшін біз тамырларын алмаймыз.  Мынау гүлдің «Барселона» деген түрі. Мұның иісі жақсы, сосын көпшілік сұрауы бойынша осы «Барселонаны» 15 данадан ораймыз. «Барселонаныкі» жұпар иіс міне, шығып келе жатқан көктемнің иісі сияқты.

Мұндағы қыз-келіншектер «Мына көріністі көздері қимай, гүлді жинағанда жанымыз ауырады. Бірақ бұл сұлулық әйел затына қуаныш сыйлайтынын ойлағанымызда көңіліміз орнына түседі» деп қалжыңдайды. Тіпті, жылыжайдағы еркектердің өздері де қары кетпеген Қарағандыдағы қолдан жасалған көктемде көңілдері көтеріңкі.


Данияр Қалтаев, жылыжай жұмысшысы:

- Осы гүлді өзімнің жолдасыма 8 наурыз әйелдер мерекесіне сыйлық ретінде бергім келеді.

- Бересіз ба?

 – Беремін.

Қызғалдақ – жаратылысы ерекше гүл. Бұлар жыл бойына мынадай сауда сөрелерінде тұрғанымен, оның бүр жарар мерзімі – дәл осы көктем. Себебі қызғалдақты жаңа өмірдің жаршысы көктемнен, көктемді қызғалдақтан бөліп қарау мүмкін емес. Сондықтан адамзат баласына өмір сыйлайтын әйел затын да көктем мен гүлден бөліп-жаруға болмайды.

Loading...