Құлқыны кең дипломаттар осы аралықта Қазақстанға 13 мың шетелдікті кіргізген. Төлқұжатына заңсыз виза соғылып елімізге ентелегендердің көбі Қытай азаматтары. Қытайлықтарды лег-легімен жеткізумен Айгүл Қоңырбаева есімді кәсіпкер айналысыпты. Сөйтіп ұйымдасқан қылмыстық топ 3 жылдың ішінде 240 миллион теңге параны қалтаға басқан. Тіпті бұл бизнестеріне Қырғызстан, Грузия мен Моңғолиядағы консулдық қызметкерлерін қосып, ауызбастырықты өзара бөліске салған. Істің басы-қасында жүрген Алматыдағы консулдық қызмет департаменті директорының орынбасары 39 жастағы Қайсар Арқабаевтың дүние мүлкі тәркіленіп, 12 жылға абақтыға жабылды. Қалған сыбайласары да алдағы 10 жылда бостандық көрмейді. Жеңіл жаза алып, 5 жылға сотталған кәсіпкер әрі экс- депутаттың қызы балалары кәмелет жасына жеткен соң ғана жазасын өтейтін болды.