Қытай билігі өлген адамды жерлеуге тыйым салып жатыр

Қытайдың оңтүстік-шығысындағы Цзянси провинциясының билігі жер ресурстарын сақтау үшін "тек кремация" (мәйітті өртеу) саясатын енгізу шараларын қолға алды. Қазір жергілікті билік тұрғындардан дайын табыттарды күшпен тәркілеп, жерлеу рәсіміне тыйым салуда.

Провинция үкіметі кремацияны мәйітті жоюдың жалғыз рұқсат етілген әдісі етуді көздеп отыр. Провинцияның біраз қаласында билік жер ресурстарын сақтау үшін "кремация" саясатын осы жылдың қыркүйегіне дейін толығымен енгізбекші, деп жазады РИА Новости.

Өткен демалыстарда Қытайдың әлеуметтік желілерінде тараған суреттер мен видеоларға сүйенсек, шенеуніктер Ганьчжоу, Цзянь және Ичунь округтерінде жергілікті ауыл тұрғындарынан табыттарды күшпен тартып алған. Таудай болып үйілген ағаш табыттарды экскаватордың көмегімен жойды, кейбір қарт тұрғындар табытты сақтау үшін ішіне жатып алған.

Билік кремация бастамасын көтергенде, табыттарды сатып алу мен оларды дайындауға тыйым салған болатын. Ал провинция билігі жергілікті халықтың үйлеріндегі табыттарды тәркілеумен айналысқан еді. Жергілікті тұрғынның айтуынша, кедей отбасылар табыт дайындауға қажетті 5 мың юаньді ұзақ жылдар жинайды, алайда билік өтемақы ретінде тек екі мың юань ұсынып отыр. Шенеуніктер тек табытқа ғана емес, құлпытастар мен қағаз ақшаға да тыйым салған.


Табыттарды жою мен жерлеуге тыйым салу жер ресурстарын сақтап қалу мақсатында жасалып отыр.