Қытай мемлекетінің назарын Қазақстанға аудару біз үшін өте тиімді - Н.Әлтаев


Бұл туралы бүгін Астанада өткен «Бір белдеу - бір жол» атты Қазақстан Республикасы мен Қытай Халық Республикасы бизнес-форумында «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев айтты. 

«Өздеріңіз білесіздер, қазіргі кезде Батыс елдерінің экономикасы айтарлықтай қиыншылықтар көріп отыр. Осыған байланысты Еуропадан көлемді инвестициялар күту орынсыз деп айтуға болады. Сондықтан қазіргі кезде басқа елдерге белсенді түрде инвестициялар салып отырған Қытай мемлекетінің назарын Қазақстанға аудару біз үшін өте тиімді. Жылдан-жылға екі ел арасындағы экономикалық қарым-қатынастар дамып келе жатыр. Сондықтан біз ҚХР-сын сенімді серіктес ретінде қабылдаймыз», - деді Н.Әлтаев. 

Оның айтуынша, бүгінгі делегация Қытай Халық Республикасы Гуандун провинциясы үкіметінің басшылығы мен бизнесмендерінен құралған. 

«Өздеріңіз білесіздер, Гуандун Қытайдағы ең дамыған өңірлердің бірі. Онда өндіріс пен заманауи технологиялар өте жоғары деңгейде дамыған. Бүгінгі келіп отырған делегация Қазақстанның инвестициялық әлеуетімен жақын танысуды мақсат етеді. Олар біздің экономикамызға тиімді инвестициялар жасап, екіжақты кәсіпорындар ашуға мүдделі», - дейді Н.Әлтаев. 

Оның атап өтуінше, жуырда Қытай мемлекетінің басшысы Қазақстанға жасаған сапарында Ұлы Жібек жолын қайта жандандыру туралы бастама көтерген болатын. 

«Олар үшін Қазақстан Ресей нарығына шығатын жол ретінде маңызды деп айтуға болады. Және біз Ресеймен бірыңғай экономикалық одаққа енетіндіктен, олар біздің территориямызда өзінің өндірістерін орнатып, солардан шыққан өнімді аталған одаққа кіретін елдерге шығаруды жоспарлауда», - деп түсіндірді ұлттық палата төрағасының орынбасары.