Қытай Қазақстанға Тынық мұхитына жол ашты

Осыдан бірнеше минут бұрын Қазақстан Президентінің Қытайға ресми сапары басталды.  Елбасы мінген ұшақ  Шанхай қаласының әуежайына келіп қонды.

Мемлекет басшысының жұмыс кестесі өте тығыз. Сондықтан әуежайдан түскен бойда Елбасы бірден «Сизяю» резиденциясына жол тартты.  Мұнда Қазақстандық әріптесін Қытай басшысы Си Цзиньпин қарсы алды.     Салтанатты қарауыл сап түзеп қос мемлекеттің әнұраны орындалды. Нұрсұлтан Назарбаевқа аспан асты елінің сарбаздары ғана емес, қазақ пен қытайдың туын ұстаған балалар да үлкен қошемет көрсетті.

Протоколда бекітілген ресми шаралар аяқталған соң Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаев алдымен жеке, кейін кең құрамда кездесу өткізді. Сондай-ақ Ляньюнган портында Қазақстанның логистикалық орталығының құрылысын бастап берді. Бұл терминал еліміздің жүк тасымалын Оңтүстік Шығыс Азия мен Еуропаға бұрынғыдай 45 емес, 15 тәулікке қысқаратады. Бұдан  бөлек құны 8 миллиард доллардан асатын  бірқатар келісімдерге де қол қойылмақ. Оның қомақты бөлігі мұнай-газ саласына қатысты. 

Өйткені,  Қытай -  Қазақстанға  жай көрші ғана емес экономикасына мол инвестиция құйып отырған мемлекет. Сондақтан ресми Астана Бейжіңді стратегиялық маңызды әріптестерінің бірі ретінде санайды. Ал Шанхай мен Елорда арасында екі сағат айырмашылық бар екенін ескерсек, қазір Си Цзиньпин мен Нұрсұлтан Назарбаевтың арасындағы келіссөз әлі жалғасып жатыр. Елбасының ресми сапары ертең жалғасын табады.