Қытай: Шәуешекте жазушы Қажығұмар Шабданұлы жер қойнына тапсырылды

Қажығұмар Шабданұлы 1925 жылы бұрынғы Семей облысының Таңсық елдімекенінде туған. Кейін тағдыр тәлкегімен шекара асты. Жиырма жасынан бастап қытай билігінің қудалауына түскен Қажығұмар 40 жылын аспан асты елінің ажал абақтысында өткізді. Түрмеде жатып 6 томдық “Қылмыс” романын жазған жазушының кітабы 2009 жылы Алматыда басылып шықты. Бірақ еліне елеңдеумен өткен ерен ердің ең соңғы тілегін орындай алмадық. Марқұмның туыстары, ең құрығанда оның «сүйегін елге жеткізсек» деп талпынып, биліктің араласуын сұраған. Бірақ еліміздің Сыртқы істер министрлігі “Қажығұмар Шабданұлы Қытай азаматы болғандықтан бұл мәселе Қытай билігінің құзіретінде” деген жауаппен ғана шектелді.