Қытай, Жапония, Корея, Тайвань мұрағаттарында жатқан түркі халықтарының көне карталарының және тарихи құжаттарының көшірмелері жасалады

Бұл туралы бүгін Астанада Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына орай ұйымдастырылған «Түркі өркениеті және тәуелсіз Қазақстан» атты халықаралық конференция барысында ҚР Білім және ғылым министрлігі Халықаралық түркі академиясының президенті Шәкір Ыбыраев мәлім етті.

«Біз Қытай, Жапония, Корея, Тайвань сынды шығыс елдерінің кітапханалары мен мұрағаттарында жатқан түркі халықтарының көне карталарының және тарихи құжаттарының көшірмелерін жасауды, әлемде бар түркі халықтары жайындағы барлық әдебиеттердің негізінде электронды кітапханалар мен мұрағаттарды құруды, түркі әлемі ықпалдастығының мән-маңызы туралы кітаптарды басып шығаруды көздеп отырмыз», - деді ол.

Дүниежүзінің ірі мемлекеттерінде түркологияның екі-үш ғасырлық тарихы бар. Ресей, Германия, Англия, Франция, Венгрия, Польша елдерінде өзіндік ғылыми дәстүр қалыптасқан. Ал Қытайда түркілер жайында жазылып, жинақталған мол құжаттың қоры жатыр. Осы тұрғыда Елбасы өткен жылы түркітілдес мемлекеттердің басшыларымен келісе отырып, Астана қаласында Халықаралық түркі академиясын ашты. Н. Назарбаев оның алдына түркі өркениетінің адамзат мәдениетінде алатын орнын әлемдік процестердің аясында пайымдауды міндеттеген болатын.

Аталған міндеттерді атқару мақсатында, Ш.Ыбыраевтың айтуынша, Академия Түркология саласында дүниежүзінің алдыңғы қатарлы ғалымдарымен бірге халықаралық зерттеулер жүргізуді, түркологтардың халықаралық комитетін құруды, түркі елдерінің тілі және әдебиеті туралы мағлұматтардың халықаралық бірыңғай базасын ашуды, электронды кітапханалар мен мұрағаттар жасауды, көне түркілердің тас жазуларын жүйеге келтіруді және сипаттамасын жасауды, түркі халықтарының аз шоғырланған елді мекендеріне экспедициялар ұйымдастыруды жоспарлауда.

«Түркі әлемі - Еуразия құрлығындағы және Орталық Азиядағы 40-тан астам ұлттан тұратын ірі қоғамдастық. Ол әлемнің тарихи-мәдени мұрасында маңызды орын алады. Түркілер әлем өркениетінің дамуына баға жетпес үлес қосты», - дейді Ш. Ыбыраев.

Академия базасында түркі кітапханасы жұмыс жасауда. Алдағы уақыттарда түркі мұражайы мен мұрағаты ашылады.

Түркологтардың халықаралық конференциясына 18 елден 200-ден астам ғалымдар қатысуда. Оның ішінде түркі мемлекеттерінің Түркия, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан, Қазақстан, сондай-ақ Ресей Федерациясының құрамындағы Татарстан, Башқұртстан, Чувашия, Хақасия сияқты елдерден және батыстың АҚШ, Венгрия мемлекеттерінен алдыңғы қатарлы түрколог ғалымдар келген.