Қытайда Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекетті басқару тәжірибесі зерделенеді - Яо Пэйшэн

Яо Пэйшэн  шанхайлық ЭКСПО-2010 көрмесінде Қытай үкіметі бас өкілінің орынбасары болып қызмет етті. Қазіргі уақытта ол Қытай халықаралық зерттеу қорының ғылыми қызметкері және ҚХР СІМ жанындағы Азия мен Африканың даму және алмасу кеңесінің, сондай-ақ Қытай Компартиясы ОК Бөлімінің жанындағы Жаңа әлемді зерттеу орталығының мүшесі болып табылады.

- Көптеген көрнекті саяси қайраткерлер ҚР Президентінің «Нұрлы Жол - Болашаққа бастар жол» атты Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тезистерге айтарлықтай қызығушылық танытты. Сіздің пікіріңізше, осы құжаттағы идеялардың қайсысына ерекше назар аударған жөн?

- Қытай сарапшылары Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауын жоғары бағалады. Мен өзім де құжаттың мазмұны мұншалықты ерекше болады деп ойламаған едім. Әдетте Жолдауда ішкі даму проблемалары толық қамтылатын, осы жолы алғаш рет, көлік-логистикалық инфрақұрылымның дамуына баса назар аударылды. Шындығында да, Сіздің ел үшін ең өзекті мәселе де осы, себебі Қазақстан «Жібек жолы экономикалық белдеуінің» ең маңызды да тиімді учаскесінде орналасқан.

Қазір Қытай мен Еуропа арасындағы тауар ағынының өскені байқалады. Ал сауда жолдарының Қазақстанды айналып өтуіне мүмкіндік жоқ, оны өзгерте алмайсың, ал Ресей мен оңтүстік бағыт бойынша бұл аса тиімді емес. Сондықтан Қазақстанға өз артықшылығын пайдаланатын сәт туды.

Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың елдің ертеңін ойлаған, салиқалы саясаткер екендігіне тағы бір мәрте көзім жетті. Ол халықаралық жағдайдың аумалы-төкпелі кезеңіндемаңызды стратегиялық деңгейде экономикалық мәселелерді көтеріп, шешіп келеді. Бүгінде оның басшылығымен Қазақ елі нағыз өңірлік державаға айналды.

 Қазақстанда не ерекше есіңізде қалды?

- Маған Астана қатты ұнайды, әсіресе кешке жақын қала өте әдемі. Қазақстандық әдебиетті сүйіп оқимын.

  16 желтоқсанда Қазақстан басты мереке - Тәуелсіздік күнін атап өтті...

- Қазақстан халқын ұлы мерекемен шын жүректен құттықтаймын. Небәрі 23 жыл өткеніне қарамастан, Қазақстанда көптеген елдерде байқалмаған түбегейлі өзгерістер орын алды.

Президент Н. Назарбаевтың нағыз ұлт көшбасшысы екенін жиі айтып жүрмін. Оны Қытайда еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін - барлығы біледі. Осы жылы мамырда Шанхайда ҚХР Төрағасы Си Цзиньпиннің қатысуымен Н. Назарбаевқа Жібек жолы бейбітшілік сыйлығы табыс етілді. Ол бұл сыйлықтың алғашқы лауреаты атанды, себебі Н. Назарбаев - өңірдегі және барша әлемдегі бейбітшілікті нығайтуға орасан зор үлес қосып келе жатқан бірегей  тұлға.

Президент таңдаған Қазақстанның даму жолы дұрыс әрі табысты екенін тарихтың өзі көрсетіп отыр. Келесі жылы көктемде Қытайда Н. Назарбаевтың нақты идеялық жүйесін, оның мемлекетті құру тәжірибесін зерделеуге арналған халықаралық семинар өткізуді жоспарлап отырмыз.