Қытайда ұсталды деген қазақстандық студентке қатысты ҚР СІМ мәлімдеме жасады

"Біз бұл мәліметті тексеріп жатырмыз. Дәл қазір БАҚ-тарда есімі көрсетілген қыздың туыстары не қыздың өзі Сыртқы істер министрлігіне, Бейжіңдегі Қазақстан елшілігіне, ҚР СІМ паспорттық-визалық қызметіне немесе Үрімшіге хабарласпағанын айта аламын. Алдын ала мәлімет бойынша, Синьцзян-Ұйғыр автономды ауданының сыртқы істер басқармасындағыларда да қазақстандық студент қызға қатысты ешқандай мәлімет жоқ. Қыздың туыстарынан хабар келіп түссе, біз тексеріс жүргіземіз. Бірақ дәл қазір бізде қазақстандық студент қызға қатысты қандай да бір мәліметтер немесе оның ұсталғаны жайлы мәлімет жоқ", - деді Әнуар Жайнақов.

Айта кетейік, бұған дейін отандық БАҚ беттерінде Шығыс Қазақстан облысы мемлекеттік университетінің студенті Аққу Еренбектің ұсталғаны жайлы хабарлаған болатын. БАҚ мәліметінше, бұл оқиға Майқапшағай-Жеменей шекара пунктінде болған.