Қытайдағы қандасымыз тоғызқұмалақтың жаңа электронды нұсқасын жасады

Жобаның авторы Мамырбек Парақатұлы Бейжің пошта-телеграф университетінің 3-курс студенті екен. Электронды ақпарат техникасы мамандығы бойынша білім алып жатқан ол үш тілде жасалған электронды тоғызқұмалақ ойынын күніне 200-ден аса адам ойнайтынын айтады.

– Тоғызқұмалақ ойынын естігенім болмаса өзім де ойнап көрмеген едім. Маңайымда да ешкім бұл ойынды білмеді. Сөйтіп кітаптардан, ғаламтордан осы ұлттық ойынды ойнаудың ережелерін үйрендім. Кейіннен осы ойынның интернеттегі нұсқасын неге жасап шықпасқа деген ой келіп, достарыммен ақылдасқанымда олар да бірден қолдады. Сөйтіп, Айтан Қаметұлы, Айбота Бақытқабылқызы және Жұлдыз Қуанышқызы төртеуіміз бір жыл уақыт жұмсап 9QUMALAQ.ORG деген арнайы сайтты жасап шықтық. Ойынды күніне 200-ден аса кісі кіріп ойнайды. Бұдан бөлек ойыннның ережесін қарайтындардың саны да өте көп. Сайт ең жаңа техниканы пайдаланып жасалғандықтан компьютер, планшет немесе ұялы телефонның нұсқасына автоматты өзгеріп отырады. Ойын барысында екі жақтың пікір алмасуына және ойынның бастан-ақыр жүрісін естелікке алып отыруға болады. Сондай-ақ, сайт тұрақты ойыншыларға арналған статистикалық және сараптамалық қорытынды жасайды,-дейді Мамырбек Парақатұлы.


Жас таланттың айтуынша, олардың бұл жобасы Қытайдағы жасампаз жастар байқауында 2-орынға және 10 танымал жоба номинациясына ие болыпты.

– Алдағы уақытта сайттың APP нұсқасын жасаймыз. Менің дипломдық жұмысымның тақырыбы да осы болып отыр. Сондықтан бұл ұлттық ойынның электронды нұсқасын кең жалпыластыру бойынша зерттеуіміз жалғаса береді,-дейді жоба авторы.