Қытайдан келген қандасымыз құснихат көрмесін өткізді


Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы жағынан ұйымдастырылған каллиграфиялық көрмені Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлы және Құсман Шалабаев бастаған сыйлы қонақтар тамашалап, жоғары бағасын берді.

Каллиграфия дегеніміз мешіт қабырғасына Құран сүрелерін, Пайғамбарымыздың хадистерін нақыштап, араб әріптерімен көркем безендіріп жазу. Бұндай араб әріптерін нақышты жазу құснихат деп те аталады. 

Өткен жылы ғана атажұртына табан тіреген қандасымыздың негізгі мамандығы заңгер болып шықты. «Қазақстанның заң жүйесін әрі орыс тілін білмегендіктен өз салам бойынша жұмыс таба алмадым. Қытайда араб аліпбиі негізіндегі А.Байтұрсынов жазуын қолданатындықтан құснихат өнерін де қызығушы ретінде меңгергенім бар еді. Елордадағы «Әзірет Сұлтан» мешітіне жолым түсіп мешітті зиярат етуге барғанымда, төбесі мен қабырғаларының араб жазуымен өте әдемі, сапалы безендірілгенін байқадым. Өзімнің де осы өнерге жақын әрі қолымнан келетінін ойлап, наиб имамнан мешітті кімнің безендіргенін сұрадым. Ол кісі Түркия мен Мысырдан бір топ каллиграфия өнерінің майталмандары келіп, құлшылық үйін безендіріп шыққанын айтты. Содан осы өнермен кәсіби түрде айналыссам қалай болар екен деген оймен алып-ұшып Алматыға жеттім. «Кәусар» каллиграфиялық өнер студиясын аштым. Бұл бекзат өнер Қазақстанда кенжелеп қалыпты. Ендігі мақсатым осы саланы дамытып, еліме, дініме қызмет етсем деймін»,-дейді Ақмейір Кәрім.

Қазақ жұртының төл тілін бұзылмаған саф қалпында сақтау үшін қандай таңбаны алу керектігіне осыдан бір ғасыр бұрын Ахмет Байтұрсынов бабамыз ерекше мән берген. Ұзақ жыл ағартушылық еңбек жолын өткерген және исламды «дін мен ділдің лұғаты» деп зерделейтін ғалым 1913 жылы қазақ тілінің табиғи дыбыс ерекшеліктерін бере алатын «Байтұрсынов жазуын» «Қазақ» газеті арқылы жалпыға жария еткені де тарихтан мәлім. Қытайдағы қандастарымыз күні бүгінге дейін осы әліпбиді қолданып келеді. Ондағы ағайын хұснихат үлгілерін де арабтар мен парсылар жағынан қабылдап отыр. Араб жазуының хұснихат үлгісі өте көп. Қытай қазақтары соның ішіндегі диуани, шекесте, тәліқ, еркін жазу үлгісі сияқты 11 түрін қолдануда. Бұл күнде Қытайда қазақ хаткерлігін арнайы зерттеп, зерделеп отыратын орталық - Хаткерлік қоғамы жұмыс жасайды. 1985 жылы Іле қазақ автономиялы облысы Әдебиет-көркемөнершілер бірлестігі жанынан құрылған аталмыш Хаткерлік қоғамы қазірге дейін арнайы мамандар жағынан құрастырылған көптеген хаткерлік оқулықтары мен кітаптар баспадан шығарды. Қазақ тілді газет, журналдарда хұснихат туындыларын жариялайтын тұрақты айдарлар күні бүгінге дейін ондағы хаткерлердің өнерін жұртқа жария етуде.