Агенттіктің хабарлауынша, жер сілкінісі нәтижесінде қаза тапқан адамдар саны 3 мың мен 5 мың адам аралығында деп бағалануда. 10 мыңнан астам адам жарақат алған.
Associated Press агенттігінің хабарлауынша, эер сілкінісінің кіндігі Сычуань провинциясында, оның орталығы Чэнду қаласынан солтүстік-батыс бағытта 92 шақырым қашықтықта және Жер бетінен 29 шақырым тереңдікте болған. Мемлекеттік бұқаралық ақпарат құралдары провинцияның қалаларының бірінде 900 студент үйінді астында қалды деп хабарлады. Ал қай ғимарат қирағаны нақтыланбаған.
Қытай Халық Республикасының Азаматтық әкімшілік министрлігінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, 107 адам өлген, 34 адам із-түзсіз жоғалған. Бұл мәліметтердің толық еместігі және кейін нақтыланатыны атап көрсетілген.
"Синьхуа" агенттігінің хабарлауынша, Чунцин қаласындағы мектептің қирауынан 4 бала қайтыс болған және 100-ден астам бала жарақат алған. Құрбан болғандардың нақты санын анықтау әзірге қиын. Өйткені, зардап шеккен аудандардағы адамдар бір-бірімен байланыса алмай отыр. Жер сілкінісі нәтижесінде коммуникация бүлінген. Телефон байланысы мүлдем жоқ.
Вэньчуань уезінің халқы 111 мың адамды құрайды. Чэндуде шамамен 10 млн адам тұрады. Чэндудегі бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, көшелер жер сілкінісінің тағы қайталануынан қорыққан адамдарға толы. Қалада ескі ғимараттардың бүлінгені тіркелген.
Қатты жер сілкінісі Пекинде де байқалған. Онда жер сілкінісінің күші 3,9 баллға жеткен. Жер сілкінісі сондай-ақ, Шанхай, Чжэнчжоу, Гонконг, Бангкок пен Ханой қалаларында да байқалған.
Қытай астанасының көптеген кеңселерінде жұмыс тоқтап қалған. Ғимараттардың қирауынан қорыққан адамдар далаға қашуда. Қытай мегаполисінің метросы жұмысын тоқтатпаған.
Қытай Халық Республикасының тарихындағы ең зұлмат жер сілкінісі 1976 жылы Пекиннің жанындағы Таншань қаласында болған. Қала жер бетінен жоғалып, үйінді астында 242 мың адам қалған.