Қытайдың орталық телевидениесінен «Тығырықтан жол тапқан» фильмі көрсетілді

CCTV-6 арнасында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев туралы «Елбасы жолы» - «Тығырықтан жол тапқан» көркем фильмі көрсетілді, деп хабарлайды ҚР СІМ баспасөз қызметінен. 

Кинокартинаны «Қазақфильм» киностудиясымен келісім бойынша қытай тіліне деректі және ғылыми-танымал фильмдерді өндіретін елдегі ірі «Zhongyang xinying jituan» компаниясы аударды. Дубляж режиссері ҚХР үздік дыбыс режиссерларының бестігіне кірген Цюй Вэйцзюнь (Qu Weijun) болды.

Қытай көрермендеріне фильмнің негізгі идеясын - жастардың бойында мақсатқа ұмтылуды, жауапкершілік пен патриоттық сезімді барынша жеткізу және фильмнің басты кейіпкерлерін дыбыстау үшін Қытайдың Цзя Сяоцзюнь, Шан Хун тәрізді танымал актерлері шақырылды. 
Бұдан бұрын «Балалық шағымның аспаны» фильмі қытайлық көрерменге 2013 жылы Қазақстан киносы апталығы аясында көрсетілген болатын. Таяуда қытайлық телевидениеден фильм-эпопеяның барлық бөлімдері көрсетілмек.