«Қызтекелердің сықпытын жасаған Ninety one-ға қарсы жоба жасадық»

Бұл туралы qamshy.kz тілшісі хабарлайды. 

Таныс болыңыздар. Әнші Аман Әбен 1995 жылы Ақтөбе қаласында дүниеге келген.

2012 жылы баян сыныбын бітірді.

2013-2017 жылдары Қазақ Ұлттық өнер университетінің колледжінде эстрада мамандығы бойынша білім алды.

Гитара мен фортепианода ойнайды.

Аманның продюсері Жарылқасын Дәулет жаңа жобасы туралы Qamshy.kz ақпарат агенттігіне толығырақ айтып берді.

- Ән, терме – қазақтың қанына сіңген тәрбие құралы. Қазақ балаларын термемен, жырмен тәрбиелеген. Ақтамберді, Махамбет, Шалкиіз, Дулат жыраулар – соған дәлел. Абылай ханның Бұқарға оң тізесінен орын беруі тегін емес. Сондықтан Аман Әбен өз әндері арқылы ұлттық құндылықты дәріптейді. Ал ұлттық құндылық ұяттан бастау алады. Уақыт өте келе адамдардың құндылығы өзгере бастады. Кіндік ашып, жалаңаштанып, салмағы жоқ ән айтуға арланбайтын болдық. Осындайдан сәл де болса қоғамды арашалайық деген мақсатпен осы жобаны қолға алып отырмын.

Қазір жеңіл, қызықты әуендерді сүйсініп тыңдаймыз да, маржаны төгіліп тұрса да, ауырлау әндерді қабылдай алмаймыз. Жаңа жобадағы ән мәтіндері жастардың есінде қалатындай болуы мүмкін. Сол арқылы ұлттық құндылықтарымызды насихаттағалы отырамыз.

Қазір жаңа ән жаздырдық. Онда «ет жеп кет» деген сөз жиі қолданылады.

«Дастарханым кең-кең,

Төріме шық сен-сен.

Төріме шық, төрлет,

Ет жеп кет», - деген сөздері бар.

Қарап отырсың, сөзі біртүрлі, бірақ оның астарынан қонақжайлықты байқауға болады. Біз жеңіл әнге баруымыз мүмкін, бірақ жеңіл сөзге бармаймыз.

Кез келген қазақтың үйіне барсаңыз ет жеп қайтасыз. Қазақ үшін етке шақыру саяси арена іспеттес. Қазақтар біреуге өкпелесе де, етке шақырып, дастарханға тісін қақпай малдың басын қойған. Қазақ дұшпанына дейін ет беріп отыр. Сондықтан осы ән арқылы «қазақ сондай керемет болатын, сен де сондай бол» дегенді жеткізгіміз келді.

- Аман Әбен қандай жанрда ән айтады?


- Эстрада жанрында. Себебі оның дауысы эстрадаға жақсы келеді. Эстрада – халыққа ең жақын жанр. Тыңдарман Рамазан Стамғазиевті танымауы мүмкін, бірақ эстрадада жүрген әншіні біледі.

Қазір әншілер біздің үгіт-насихат құралымызға айналды. Көп жастар әншілерге еліктейді. Соларға ұқсағысы келеді. Сондықтан халықтың алдында жүріп, өнеріңді паш етудің қаншалықты маңызды екенін түсінеміз.

Мәселен, мен Ninety one-ды неге жеккөрдім? Қызтекелердің сықпытын жасап шығарды ғой. Бұл – сондайларға қарама-қарсы дайындалып жатқан жоба.

Біздің негізгі принципіміз – барған жерде «сенің атаң қазақ болған, атаң қазақ өтірік айтпаған, атаң қазақ сөз көтерген, атаң қазақ намысшыл болған, ат төбеліндей қазақ кең-байтақ жерді ұстаған» дегенді айтып жүру. 

Әніміз жастарды қабылдауына лайықталып жасалуы мүмкін. Қазақтың қаракөз қыздары өзге ұлт өкілдерінің етегінен ұстап кетіп жатыр. Осы мәлеге қатысты да ән жаздырдық. Оның сөзін айтыскер ақын Біржан Байтуов жазды. Жақында көрермен назарына ұсынылады. Онда «Неге өзгеге тұрмысқа шығасың?!», - деген сөз жоқ. «Қарындасым, сен өз айдыныңнан ұшып қайда барасың?», - деген сарында жазылған ән. Оның қайырмасында қызды шағалаға теңеп, «өз айдынынан ұшып кетіп, шалшық суға шомылған шағалам-ай», - деп астарлы жеткізеді. «Кетпеші қарындасым», - деген үн жатыр онда.

Аман Әбен коммерциялық жоба емес. Оған зор үміт артылып, биік мақсат қойылады. Сондықтан оған оңай соқпауы мүмкін.

Ән арқылы көптеген әлеуметтік мәселені көтермекпіз. Төрт әнге дауыс жаздырып қойдық. Екі әнге клип түсіру жоспарда бар. Әндері жұртқа өтпей қалуы мүмкін.