Қызыл су қазақты малынан айырып жатыр

Tengrinews.kz редакциясына жіберілген видеоларда кей жерлерде судың деңгейі үйдің терезесіне дейін жеткен. 

"Жем Барақ өзенінде су көтерілді. Бұрындары мұндай болмаған. Он шақты аулалы жер телімін су басты. 44 адам эвакуацияланды. Барлығын осы ауылдағы туыстары мен көршілерінің үйіне қоныстандырды. Сонымен қатар, малды да эвакуациялады: бес жылқ, бес ірі қара мал, 74 құс, 52 қой. Ауыл сыртында жаз кезінде "Пиникер" ЖК мал ұстау базасы болған. Оны да су басты. Су басқан кезде оның ішінде мал болған. Олардың саны нақтыланып жатыр. Алдын ала мәлімет бойынша, 100-ге жуық мал суға кетіп өлді", - деді Солтүстік Қазақстан облысының Төтенше жағдайлар департаментінің жедел штабы басшысы Асхат Ержанов. 

Қазір Рузаевка ауылында жедел штаб құрылды. Су жазықтан және Жем Барақ өзенінен әлі де келіп жатыр.

Рузаевкадан алыс емес жерде Ломоносов ауылы бар. Онда үйлерге су жетпеген. Бірақ жолдарды су шайып кетіпті.


Ал Шал ақын ауданының Белоградовка ауылының маңында көпірді су шайып кетті. 

Өңірдегі ТЖД мәліметінше, су тасқынына 15 сәуірде қардың еруі мен жауған жаңбыр қатты әсер еткен. Қазіргі уақытта Солтүстік Қазақстан облысының Есіл, Тайынша, Айыртау аудандарында және Ғабит Мүсірепов ауданында су жолдың үстінен ағып жатыр. Облыстық жедел штабтың мәліметінше, бұл жағдайлардың барлығы алдын ала болжанған, ал Жем Барақ өзенінде су көтеріледі деген мүлдем қарастырылмаған.