Қызылорда әуежайына халықаралық мәртебе берілді


Бұл туралы облыстың Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жетекшісі Марат Байымбетов хабарлады.
«Премьер-министр Қызылорда қаласының әуежайына халықаралық мәртебе беру туралы үкімет қаулысына қол қойды», - деді ол баспасөз мәслихатында.
Облыс әкімдігінің хабарламасына сүйенсек, 2008-2010 жылдары жалпы құны 7,1 млрд теңгелік жоба іске асырылған. Республикалық бюджет есебінен жүзеге асқан жоба негізінде әуежайдың ұшу-қону алаңы қалпына келтіріліп, сервистік және арнайы техникамен жабдықталған.
Терминал ИКАО талаптарына сай қайта қалпына келтірілді.
«Қазір әуежайда «А» класына жататын терминал салынып жатыр. Ол сағатына 250 жолаушы қабылдай алады. Адам көп болған уақытта оған 500-ге дейін жолаушы сыяды. Құрылыс 2015 жылы аяқталуы тиіс», - деді М.Байымбетов.