Қызылорда облысында күріштің жаңа элиталық сорттары егіледі

Облыстық ауылшаруашылығы департаментінің директоры Данабек Әбуовтың хабарлауынша, "биыл егістік алқаптарды ұлғайтуға емес, өнімділікті арттыруға баса назар аударылуда". "Ол үшін жергілікті "ақмаржан" және "кубань" секілді ескірген сорттардың орнына Ресейде сұрыпталған "новатор", "янтарь", "рапан" секілді элиталық сорттарды өсіруге шешім қабылданды. Бұл дақылдар 15 күн ерте пісумен бірге олардың өмімділігі де жоғары",- дейді маман.

Краснодардан Қызылордаға элиталық "новатор" және "янтарь" сортты күріш тұқымдары тиелген алғашқы вагондар келіп жетті. Егіс науқаны басталғанша жалпы 710 тонна тұқым жеткізілмек.

"Тұқым сатып алу мен өңірдің ауылшаруашылығын сауықтыру үшін "Демеу" корпоративтік қорынан 73,5 млн теңге бөлінді",- деді Д.Абуов. Оның айтуынша, техникаға қатысты проблема жоқ, дихандарды жеңілдетілген бағаға дизельдік отынмен қамтамасыз ету мәселесі шешілуде.

Биыл Қызылорда облысында 152 мың гектар алқапқа тұқым себілсе, оның 70 мың гектары күрішке арналады. Ресми түрде көктемгі тұқым себу науқаны Қызылорда облысында 25-сәуірде басталады, бірақ өңірдің ең оңтүстік бөлігіндегі Жаңақорған аудандық дихандар науқанға жылдағыдан 10 күн бұрын кіріспекші.


Ақпаратты пайдаланған жағдайда «Kazakhstan Today» ақпараттық агенттігіне сілтеме жасау міндетті