Қызылорда облысында мәйіт әкеле жатқан көлік апатқа ұшырап тағы 3 адам бақилық болды

Щучьедегі Кадет корпусынан мәйітті алып шыққан минивен Қызылордаға 150 шақырым қалғанда апатқа ұшырапты. Жүргізушісі қалғып кетсе керек, қатты жылдамдықпен келе жатқан көлік жолдан шығып кетіп аударылған. Сол жерде марқұмның денесін ата-анасына апара жатқан 2 офицер тіл тартпай кетті. Ал сарбаздың ағасы жансақтау бөлімшесінде көз жұмған. Жүргізуші ғана аман қалды.

Ержан Әлімбетов, Қызылорда облыстық ауруханасының травмотологы:

-Жезқазған-Қызылорда жол бойында көлік апаты болды. Бізге бір науқас жеткізілді. Шағын автобустың жүргізушісі бізге Астана жақтан келе жатыр.

Кадет корпусының 1-ші курсын енді тәмәмдаған 19 жасар Әсет Тоқаев жақында Қызылорда облысындағы ауылына демалысқа оралуы керек болған. Бірақ, жұмбақ жағдайда курстастары оның денесін корпус аумағындағы ескі зертханадан тапты. Сарбаз өз белбеуіне асылып қалған. Қайғылы оқиғаны естіген туыстары Щучьедегі әскери оқу орнына келіп, мәйітті елге жеткізу үшін оқу орнының басшылығынан жеке көлік беруді сұраған екен.


Талғат Баудинов, Ш.Уәлиханов атындағы кадет корпусының бастығы:

-Ұшақпен жіберу үшін әрекет жасалған. Ағасы мен ұшақты  күтпеймін. Болмаса мәйітті өзім алып кетемін деді. Сосын 150 мың теңге ақша жинап көлік жалдадық.

Жалданған көлік діттеген жеріне жетпей, 3 бірдей отбасын зар еңіретіп кетті. Офицер Сәбит Қарабаевтың артында 3 баласы мен әйелі қалса, Имам Жақсыбаев небәрі 22 жаста болатын. Ал қазір кадет корпусында өзіне қол жұмсаған сарбаздың өліміне қатысты тергеу амалдары жүріп жатыр.