Қызылорда облысында мұнай өңдейтін 18 жасырын шағын зауыт жойылды

ҚР ҰҚК-нің түсініктемесіне сәйкес, мұнай кеніші мен “ҚазТрансОйл” ұлттық компаниясына қарасты Құмкөл-Қарақойын магистральдық мұнай құбырынан мұнай ұрлап, оны әріқарай өңдеп сатумен шұғылданып келген Қызылорда облысындағы ұйымдасқан қылмыстық топты жыл басынан бері бақылауда болған.

Нәтижесінде заңсыз іс-әрекеттерге қатысы бар адамдар мен ұрланған көмірсутегі шикізатын өңдейтін жасырын шағын зауыттардың орналасқан жерлері анықталды. Өңделген өнімді сататын құрылымдар, бөлшек сауда орындарына дейін тасымалдау схемалары да анықталды.

Шұғыл іздестіру шаралырының қорытындысы бойынша Қызылордадан 200 шақырым төңіректе орналасқан мұнай өңдейтін 18 жасырын шағын зауыт табылып жабылды. Уақытша шикізат сақтайтын бірнеше бекет анықталып, олардан 455 тонна мұнай, 118 тонна мұнай өнімдері табылды. Облыс орталығы мен облыстың жекелеген аудандарында тұратын, мұнай өнімдерін заңсыз өңдеуге қатысы бар 56 адам ұсталды.

ҚР ҰҚК-нің хабарлауынша, алдын-ала есепке сәйкес ұрланған мұнайдан аталмыш 18 зауытта айына жалпы құны 1 млн. долларды құрайтын жанармай, солярка және мазут сынды өнімдер шығарылып отырған.
Қазіргі жағдаймен дайын мұнай өнімдерін сату және жеткізу арналарын ұйымдастырушылар мен қылмыстық топқа қолдау көрсетіп келген лауазым иелерін анықтау шаралары жалғасуда.