Қызылорда облысында құрт ауруына қарсы жаңа аурухана салынды

Аурухананы салу мен оны қазіргі заманғы медициналық құрал-жабдықтармен жарақтауға 0,5 млрд. теңге көлемінде бюджет қаржысы бөлінді.

“Республикалық бюджет қаржысының есебінен Арал және Қармақшы аудандарында тағы да екі типтік үлгідегі құрт ауруына қарсы жаңа аурухана салынуда”, деді жаңа дәрігерлік мекеменің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қызылорда облысының әкімі Икрам Адырбеков.

Қазір Қызылорда облысы құрт ауруына шалдығу көрсеткіші бойынша елімізде екінші орында. Облыстық мемлекеттік санитарлық-эпидемилогиялық қадағалау департаменті директорының орынбасары Айқын Бейсенбаевтың айтуынша, бүгінде диспансерде 4 мың адам тіркеуде тұр.

Дегенмен, дәрігерлер құрт ауруына шалдығу көрсеткіші азайып келеді деп хабарлауда. Мәселен, биыл ауру көрсеткіші әрбір 100 мың тұрғынға шаққанда 63,6 болса, былтыр ол 78,3 болған. “Аймақтық бағдарламаға сәйкес қолданылған шаралардың арқасында құрт ауруына шалдыққандарды емдеу тиімділігі 90 процентке жетті”,- деді А.Бейсенбаев.

Дегенмен, мамандардың пайымдауынша, “Арал аймағында бұл індетке қатысты эпидемиологиялық ахуал тұрақтана түскеніне қарамастан, күрделі күйінде қалып отыр”.