Қызылорда облысында Сырдария өзені сағасынан шығып кетті

Дарияның сағасынан шығуына өзеннің өткізгіштік қабілетінің азаюы мен мұзатқы түзілуі себепші болған.

Соның салдарынан жергілікті маңызы бар "Бекарыстан би-Жаңақұрылыс" автожолының 4 учаскесі мен Бірлік елді мекеніндегі "Әлсейіт" қалқымалы сал өткеліне баратын жолды су шайып кетті. Кей учаскелерде жер асты су шығып, 17 үйдің тұрғындары уақытша басқа жаққа көшірілді.
Тасқыннан қорғау шараларын өткізу жөніндегі аудандық штаб аудан аумағында төтенше жағдай туындаған күнде жүзеге асыратын құтқару және тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жұмыстарының жоспарын жасады. Қауіпті жерлерде қорғаныс бөгеттерін нығайту жұмыстары атқарылуда. Қазба жұмыстарына 62 техника жұмылдырылған.