Қызылорда облысындағы Сырдарияның суы басып кеткен аудандарда қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда

Сырдария ауданында айрықша күрделі ахуал қалыптасып отыр. Мұнда дария суы күріш алқаптарын басып, Шымкент-Самара трассасына тақап қалды. Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігінің хабарламасында атап көрсетілгеніндей, ұзындығы 19 шақырымдық Қызылорда-Тереңөзек жол учаскесінде биіктігі 2 метрлік бөгеттің көмегімен ғана су жол үстіне жіберілмей отыр. Қазіргі жағдаймен бөгеттің су шайып кеткен бөліктері мен жол төсенішін қалпына келтіру жұмыстарына 300 адам мен 48 техника жұмылдырылуда. Тереңөзек ауылына су басу қаупі төніп тұрған жоқ.

12-қаңтарда облыстық әкімшілікте кеңес өтіп, оған ҚР төтенше жағдайлар жөніндегі министрінің орынбасары Болатбек Қуандықов, ҚР ауылшаруашылығы министрлігінің су ресурстары комитетінің төрағасы Анатолий Рябцев пен су шаруашылығы кәсіпорындарының жетекшілері қатысты. Кеңесте аймақтағы күрделі ахуалдың қалыпқа келе бастағаны айтылды. Дегенмен, мамандардың пайымдауынша, "бойды босқа салуға" әлі де ерте. Алдағы бірнеше тәулікте су шайып кеткен жағалау бөгеттерін қалпына келтіру жұмыстары күтіп тұр.
Бүгін, 13-қаңтарда Астанада төтенше жағдайлар жөніндегі мекемеаралық комиссияның отырысы өтіп, онда Сырдарияның төменгі сағасында қалыптасқан ахуал туралы талқыланады.