Құжатта атап көрсетілгеніндей, облыс аумағында жұмыс істейтін кәсіпорындар (жер қойнауын пайдалану саласында 70 кәсіпорын тіркелген) жер қойнауын пайдалану саласындағы операцияларды жүзеге асыру нормалары мен ережелерін жүйелі әрі өрескел бұзуда. Сондай-ақ, олардың басым бөлігі келісім-шарттарының жекелеген талаптарын орындамауда.
Мәселен мұнай компаниялары көбінесе жобалық шешімдер мен технологиялық режимдерді бұзу, жобаланған шамадан мұнайды артық өндіру тәрізді заң бұзушылыққа барады. Сондай-ақ, мұнай құбырлары мен терминалдардан мұнай төгілу оқиғалары жиілеп кетті.
Бұған қоса жер қойнауын пайдаланушы компаниялар қоршаған ортаға тигізілетін техногендік әсерді азайту шараларына мүлдем қаржы шығармайды. Арнаулы кәсіби жұмыстар мен қызмет түрлерін жүзеге асыруға мердігерлік ұйымдар, соның ішінде осындай іс-қызмет түрімен айналысуға арнайы рұқсат алмаған, ресми тіркелмеген шетелдік ұйымдар шақырылады.
"Жер қойнауын пайдаланушылар аймақтағы әлеуметтік сала мен жергілікті инфрақұрылымды дамыту, қазақстандық мамандарды оқыту және оларды қайта даярлауға қолұшын беру жөніндегі келісім-шартында көрсетілген міндеттемелерін орындамайды",- делінген қаулыда.
Осындай ахуалды реттеу үшін әкімшілік облыстық прокуратураға мұнай компанияларының қолданыстағы заңдардың нормаларын орындау жағдайына кешенді тексеру жүргізуге нұсқау берді.
Сондай-ақ, облыстық энергетикалық инфрақұрылым және минералды ресурстар басқармасына облыстағы жер қойнауын пайдаланушыларға қолданыстағы келісім-шарттарына толықтырулар енгізу туралы ұсыныс жасауға нұсқау берілді. Келісім-шарттарындағы өзгерістер жер қойнауын пайдаланушылардың облыстағы инфрақұрылымды дамытуға атсалысуға бағытталған белсенділігін арттыруды көздейді. Ал мұнай компанияларының өзіне онда жұмыс істейтін қазақстандық мамандардың айлық жалақысын өсіру мүмкіндіктерін қарастыру жөнінде нұсқау берілді. Жергілікті биліктің мәліметіне жүгінсек, жергілікті мамандардың жалақысының мөлшері олардың шетелдік әріптестерінікімен салыстырғанда анағұрлым айырмашылықта.