Қызылорда облысының туризм инфрақұрылымы қарқынды дамуда

Туризмді мемлекеттік қолдау саланы тұрақты дамытудың қажетті шарты болып табылады. Халықаралық тәжірибе көрсеткендей, туристік инфрақұрылымды дамытуға жағдай жасауға, нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруға, жеке инвесторлар тартуға, туристік индустрия субъектілерінің қызметі үшін жағымды экономикалық жағдай жасауды қамтамасыз етуге бағытталған мемлекеттің белсенді саясаты елдің әлеуметтік-экономикалық дамуында маңызды орын алуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, әлемдік тәжірибе туризмді белсенді дамытып келе жатқан елдер өз азаматтарын сапалы туристік қызмет көрсетулермен қамтамасыз ете отырып, ұлттық жобалар мен бағдарламаларады іске асыруға қомақты бюджет қаражатын жұмсайтынын көрсетті.

Сол себепті Үкімет туризмді дамытуға баса мән береді. «Дүниежүзілік саяхаттар және туризм кеңесінің» бағалауы бойынша, Қазақстан 2016 жылы туризм индустриясы мен туризмде үздік жетістіктерге жеткен Топ-10 елдің қатарына енді.

Caravan.kz медиа-порталының тілшісі Қызылорда облысының кәсіпкерлік және туризм басқармасының туризмді дамыту бөлімінің басшысы Алиев Бағдат Исламбекұлымен сұхбаттасты.

- Былтырғы 2018 жылы келген туристер саны қанша адамды құрады? Туристерге қаншалықты жағдай жасалған?

- Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2018 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша облысқа келген туристер саны 42815 адамды құрады.

Облыста орташа құны 7180 теңгені құрайтын 1085 нөмірлік қоры бар 93 қонақ үй орналасқан (оның ішінде Қызылорда қаласында – 46 қонақ үй). Бұл ретте бір жолғы сыйымдылық 1954 төсек-орынды құрайды. Көрсетілген кезеңде 41 218 резидент және 1597 резидент емес қонақтарға қызмет көрсетілді.

Көрсетілген кезеңде орындалған жұмыстар мен қызметтердің жалпы көлемі 663,8 млн.теңгені құрады.

2018 жылдың басынан "Бизнестің жол картасы – 2020" мемлекеттік бағдарламасы аясында туристік инфрақұрылымды дамыту үшін жалпы сомасы 597,5 млн.теңгеге 15 жоба қаржыландырылды.

- Қызылорда облысы бойынша туристік бағыттарды атап айтсаңыз.

- Қазақстан туристік ассоциациясының келісімі бойынша Қызылорда облысының туристік бағыттары бекітілді. Оған облыс бойынша 15 бағыт енгізілді. Бұл, ең алдымен, Арал ауданының туристік әлеуеті (Барсакелмес аралы, Қайық зираты, Арал теңізі, Көкарал платинасы), Қамбаш көлінің жағалауындағы демалыс аймағы, Қорқыт Ата мемориалдық кешені, Байқоңыр ғарыш айлағы, Жаңақорған ауданының таулы алқаптары және туризмнің басқа да тарихи және мәдени-танымдық түрлері.

- Балалар мен жасөспірімдерге арналған демалыс орындарына жылына қанша бала келеді?

- Облыста 9 балалар лагері жұмыс істейді, оның ішінде жыл бойы жұмыс жасайтын «Қамбаш» балаларды сауықтыру және қосымша білім беру орталығы. 2018 жылдың басынан облыстың лагерлеріне келген балалар саны 8 672 баланы құрады.

- Туристік нысандардың неше түрі бар? Жеке-жеке тоқталсаңыз.

- Қазақстан Республикасының туристендіру картасына Қызылорда облысынан 3 нысан енгізілді. («Қамыстыбас» демалыс аймағы, «Жаңақорған» Шипажайы, «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағы).

Бұл картаға республика бойынша барлығы 60 нысан енгізілгенін атап өту қажет.

Бірінші. «Қамыстыбас» демалыс аймағын дамыту. «Қамбаш» көлінің жағалауында туристік инфрақұрылымды дамыту бойынша қазіргі уақытта жалпы инвестиция көлемі 105 млн.теңге болатын 90-нан астам нысан іске қосылды. Сонымен қатар, құрылыс кезеңінде 350-ден астам жұмыс орны ашылып, маусымдық кезеңде 150 адам жұмыспен қамтылды.

Сондай-ақ туристер катерлерді, жел қайықтарын, катамарандарды және гидроциклдерді пайдалана алады. Аталған туристік нысан Байқоңыр қаласының тұрғындары арасында ерекше сұранысқа ие және демалыс турлары аясында дамып келеді. 2018 жылы Қамбаш көліне 89 000-ға жуық адам келді.


Қызылорда қаласынан Қамбашқа дейінгі қашықтық 430 км құрайды. Бүгінгі күні 37 жалға берілетін үй, және 50-ден астам шағын үй жұмыс істейді, үйді жалдаудың орташа бағасы 5000 теңгеден 20 000 теңгеге дейін, әрбір үй 5-10 адамға есептелген. Маусым кезеңі: маусым, шілде, тамыз айлары.

Екінші. Жаңақорған балшықпен емдеу шипажайы.

Жыл сайын шипажайға келетін туристердің саны артып келеді және еліміздің батыс аймағының тұрғындары ерекше қызығушылық танытуда.Осыған байланысты, қазіргі уақытта 88 орындық заманауи шипажайдың құрылысы жүргізілуде.

Жобаның жалпы құны 850 млн. теңгені құрайды, оның 326 млн.теңгесі "Байқоңыр" ӘКК-мен қаржыландырылып, ал қалған 524 млн. теңгесі инвестордың өз қаражаты.

Жаңақорған шипажайы аумағында тәулігіне 4 рет тамақтануымен бағасы 8 500 теңгеден басталып 20 000 теңгеге дейін 6 қонақ үй бар. 2018 жылы келушілер саны шамамен 27 000 адамды құрады.

Үшінші. «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру. Канаверал мүйісіндегі ғарыштық туризмнің дамуы үлгісінде «Байқоңыр» ғарыш айлағындағы туристік әлеуетті одан әрі дамыту мақсатында «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру Тұжырымдамасы әзірленді.

«Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағының тұжырымдамасына сәйкес төмендегі нысандар қамтылатын болады:

Сауда орталығы,әлемдік стандарттарға сәйкес қонақ үй, мейрамхана, жаңа телекоммуникациялық байланыспен жабдықталған кино және ойын-сауық залдары, боулинг, бильярд, әртүрлі техникалық арнайы эффектілері бар ғарыштық аттракциондар, "hi-tech" технологияларымен, зымырандардың іске қосылуын бақылауға арналған заманауи қондырғылар, бассейн, жаттығу залы, сауна, SPA-процедуралар, аквапарк, ұлттық кәдесый өнімдерінің дүкендері, этноаул, ғарыш мұражайы.

2017 жылдың соңында "Байқоңыр"ойын-сауық-туристік аймағын құру бойынша үш тілде таныстыру (анимациялық) бейнеролигі дайындалды.

Бүгінгі күнге «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізінің бойынан Қармақшы ауданындағы 1576 шақырымында жер телімі белгіленді. Қазіргі уақытта «Байқоңыр» ойын-сауық туристік аймағын құру үшін жер телімін ресімдеу жұмыстары жүргізілуде.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автокөлік дәлізі бойында жол бойы сервистік нысандарын дамыту.

«Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автокөлік дәлізі бойында Қызылорда облысының аумағында жол бойындағы сервистік нысандарын салу үшін 44 нүкте анықталды. Бүгінгі күні инвестицияның жалпы сомасы 5 млрд.681 млн. теңгені құрайтын 25 нысан пайдалануға берілді. 690 тұрақты жаңа жұмыс орыны құрылды.

Сұхбаттасқан Назира Абсаттарова