Есепті жарыс қыркүйектің 5-12-сі аралығында Таиландта өтетін құрлық чемпионатына жолдама беретін турнир ретінде қарастырылды. Қызылордалық жігіттер қарсыластарына ешқандай да мүмкіндік бермей, бірінші орынды талассыз жеңіп алды. Екінші орынға Ақмола облысының, үшінші орынға Шығыс Қазақстан облысының командалары орын тепті.
Жеке есеп бойынша төмендегілер өз салмақ дәрежелері бойынша чемпион атанды: Ерболат Жоламанов (56 кг, Қызылорда облысы), Антон Загородный (62 кг) мен Александр Пушкарь (69 кг, екеуі де - Қарағанды облысынан), Нұрсұлтан Рахатов (77 кг, Қызылорда облысы), Ермек Өміртай (85 кг, Алматы облысы), Жасұлан Қадырбаев (94 кг, Жамбыл облысы), Григорий Гетин (105 кг, Ақмола облысы) және Василий Кошелев (+105 кг, Шығыс Қазақстан облысы).
Қыздардың текетіресінде Шығыс Қазақстан облысының командасы жеңістің биік тұғырына көтерілді. Ақмола облысының зілтемірші бойжеткендері - екінші, Қызылорда облысының атлеттері үшінші орындарға табан тіреді. Өз салмақ дәрежелері бойынша төмендегі спортшы қыздар топ жарды: Әсел Амангелді (48 кг) мен Ақмарал Нұрымова (53 кг, екеуі де - Қызылорда облысынан), Әсел Сәрсекенова (58 кг, Қарағанды облысы), Сәуле Сәдуақасова (63 кг, Қостанай облысы), Анастасия Швабауэр (69 кг, Ақмола облысы), Виктория Вагнер (75 кг) мен Анастасия Шевченко (+75 кг, екеуі де - Шығыс Қазақстан облысынан).
Енді таяу күндері жасөспірім атлеттер ҚР Спартакиадасына қатысып, оқу-жаттығу жиынын өткізеді. Осыдан кейін Азия чемпионатына баратын атлеттердің есімдері анықталады.