Қызылорда тұрғынына тырысқақ деген диагноз қойылды

Жеке меншік тасымалмен шұғылданатын облыс орталығының 51 жастағы тұрғыны 19-шілдеде ауруханаға жатқызылды. Дәрігерлердің айтуынша, ол осыдан 10 күндей бұрын ауыра бастаған. Алайда ауру әбден ушыққан кезде дәрігерлердің көмегіне жүгініпті. Бастапқы диагноз зертханалық тексерулер негізінде дәлелденді.

Облыстық мемлекеттік санитарлық эпидемиологиялық қадағалау қызметінің директоры Ерсұлтан Қуандықовтың айтуынша, осыған байланысты кеше кешкісін Қызылордада қалалық жұқпалы ауруларға қарсы төтенше штабтың шұғыл жиналысы өтіп, онда дерттің таралуына жол бермеу шараларының жоспары жасалды. Науқас тұратын қала іргесіндегі Гагарин ауылында қазір тәртіп сақшыларының көмегімен карантиндік шаралар өткізілуде. Науқаспен байланыста болған барлық адамдардың денсаулығы тексерілуде. Санитарлық дәрігерлер ауыл-үйлерді жаппай аралай бастады. Халық көп жиналатын орындар мен азық-түлік базарларындағы санитарлық бақылау шаралары күшейтілді. Аптапқа қарамастан қаладағы су қоймаларында суда жүзуге тыйым салынды.
Е.Қуандықовтың айтуынша, бұл өңірде тырысқаққа қатысты соңғы оқиға 1997-жылы Қараұзақ ауылында тіркелген. Ол кезде дерттің таралуына тоқтау салуға мүмкіндік туды.