Қызылордада 39 жасөспірім өткір ішек инфекциясының белгілерімен поездан ауруханаға жеткізілді

«Үстіміздегі жылдың 28 шілдесінде Алматы-Атырау бағытындағы жолаушылар поезынан 12-15 жас аралығындағы 39 бала өткір ішек инфекциясының белгілерімен «Қызылорда» станциясында түсіріп алынды. Балалар Алматы облысындағы «Әлтайыр» сауықтыру лагерінен келе жатқан», - делінген бейсенбі күні таратылған баспасөз мәлімдемесінде.

Министрліктің мәліметтеріне сәйкес, балалар Қызылорданың облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді, олардың жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Бәріне қажет ем-дом көрсетіліп жатыр.

«Қазіргі уақытта инфекция ошағында мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау комитетінің облыстық департаментінің және «Санитарлық-эпидемиологиялық сараптама және мониторинг ғылыми-тәжірибелік орталығы» РМКК-сінің мамандары жұмыс істеп жатыр. Зертханалық зерттеуге сынамалар алынды. Инфекция ошағын анықтау шаралары жүргізіліп жатыр», - делінген баспасөз мәлімдемесінде.

Денсаулық сақтау министрлігі жазғы маусымда жеке тазалық шараларын сақтап, жеміс-көкөністерді жуып жеу керектігін, іш ауырып, дене температурасы көтерілсе, бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керектігін еске салады.