Қызылордада әкімдік көшенің көрінетін жағын көркейткенімен, тасасы талқандалған күйі қалған

Әуежайдан Қызылорда қаласына тура тартатын тұрғын үйлердің тұрпатына қарасаң тағарға мін жоқ. Қабырғаларындағы сыр да толық сіңіп үлгермепті. Алайда дәл осы үйлереі жарты ғасырға жуық мекен ететін жұрт мұның барлығы биік мінбердегі мырзаларды қарсы алу алдындағы қарбалас яки көзбояушылық дейді. Ағайын айтса айтқандай, бұл үйлердің тас жолдың бойынан көзге түспейтін қапталына қарасаң адам аярлықтай. Қабырғалары қақырап тұр, әлеумет әлі келгенше таспен жамап жасқап қойыпты. Қызылордалық атқамінерлердің айтулы азаматтар келер алдында ойлап тапқан бар ұтымды шешімдері осы екен.

- Ну правильно, с краю дома сделали, наши дома не видно. С дороги, что видно стену покрасили…

Тасбөгеттің тұрғындары ашуға мінді осылай. Көз алдымызда көзбояушылық жасаған шенділер шаршатты дейді. Лауазымды ел ағалары келеді дегенде апал-ғұпыл күрежолдың бойын жөндей келе тұрғынүйлерге де назарлары түскен. Тас жолдан қарасаң тап-тұйнақтай таза. Ал көзден таса беті мынау. Шатырлары ашық-шашық, аулаларында аяқ алып жүру мүмкін емес.

Үміт Сүлейменова, Тасбөгет кентінің тұрғыны:

- Таза көзбояушылық қой, бізге не пайда ?  Астымыз түгел су, жөндейміз деп еді, жөндеген де жоқ, несиеге жасаймыз деге, ол да жоқ, отырмыз сол бейшара құсап. Істелінбейді ғой ол, ана шетті істеп кетті болды. Бізде не қылады, ешкім келіп көріп жатқан жоқ.

Көпшіліктің жазығы көзге түспейтін жерде тұрғанында. Өйткені жалғыз қабырғасы сырланып, бір беті жөнге келтірілген үйлерден көз сүрінеді. Беделі батпан басшылар зер сала қарағанда көзге түсетін ғимараттар әлі де сырлануда. Ал тасада қалған тамдардың сыртының да бүтіні жоқ бәрі түтін. Қызылорданың құрылысына басымен жауаптылар тіптен бейқам отыр. Барлығы келеке емес, мерекенің қамы екен.


Жадыра Ұзақбаева, Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің инспекторы:

- Қала әкімдігінен бөлінген қаражатқа қаланың 195 жылдығына байланысты Тасбөгет мөлтекауданындағы көп пәтерлі тұрғынүйлерді әрлеу, сырлау шатырын жөндеу жұмыстары жасалуда.

Көзге түспейтін тұрғын үйлерді көрмей кеткен жауаптылардың жарытып берген жауабы осы. Енді алдағы мерекеге дайындық, ал шатырсыз ашық аспан астында атқамінерлердің назарынан тыс қалған тұрғындар үйреншікті әдет бойынша өз тамдарын өздері жамауға мәжбүр.