Турнирге Қызылорда қаласы мен облыстың барлық аудандарынан 8 команда қатысты. Жарыстың негізгі мақсаты балалар мен жасөспірімдер арасында футбол ойыны арқылы олардың денсаулығын нығайтып, спортпен тұрақты шұғылдануына ықпал жасау,сондай-ақ салауатты өмір салтын насихаттау, балалар мен жасөспірімдерді футбол ойыны секцияларына кең көлемде тарту, жергілікті жерлерде әр топ жасындағы үздік командаларды анықтап, оларды республикалық шешуші жарыстарға қатыстыру болды.
Жарыс 3 кезеңнен тұрды және үш жас ерекшелігі бойынша өткізілді. Оның 2011 жылдың қыркүйек-қазан аралығында өткен бірінші кезеңінде мектепішілік, қазан-қараша айларында өткен екінші кезеңінде қалалық, аудандық шешуші ойындар ойналды.
Турнир соңында Қызылорда қаласы (№10 орта мектеп) бірінші орынға шықты. Қазалы ауданы (№234 орта мектеп) - екінші, Жалағаш ауданы (№34 орта мектеп) үшінші орындарды жеңіп алды. Жеңімпаз атанған команда алдағы 15-20 мамырда Тараз қаласында өтетін республикалық жарысқа қатысады. Осы республикалық жарыстан жеңімпаз атанған команда Испанияның Мадрид қаласында 4 күндік туристік саяхатқа барады. Ал 1999-2000 жылдары туған жасөспірімдер үшін облыстық шешуші жарыс 1-6 мамыр айында Қазалы ауданында, 2001-2002 жылдары туған жасөспірімдердің жарысы 15-20 мамыр айында Шиелі ауданында өтеді.
Жарыс қорытындысында қызылордалық Жанболат Жұмабек үздік ойыншы болып танылды. Ал жалағаштық Руслан Қартаңбек - үздік қақпашы, аралдық Әлиасқар Оңталап - үздік қорғаушы, қызылордалық Бауыржан Алтынбеков - үздік жартылай қорғаушы, қазалылық Әлім Тәңірбергенов үздік шабуылшы атанды.