Қызылордада биыл құрама жем зауыты іске қосылады

Аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев өңірде мал шаруашылығын дамытуда жем-шөппен қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлу қажеттілігін үнемі айтып келеді. Осы орайда, бүгінгі күні Қызылорда қаласында «Жан Арай Жем» ЖШС жүзеге асырып жатқан «Қуаттылығы тәулігіне 80 тонна құрама жем зауыты» жобасының алар орны бөлек болғалы тұр.

Бұл зауыт Қызылорда қаласының оңтүстігіндегі өндірістік аймақта орын тепкен. Аумағы 10 гектар жерді алып жатқан индустриялық аймақтың 2,5 гектары аталмыш зауытқа берілген. Құрама жем зауыты үш бөліктен тұрады. Бірінші блокта жем шығарылатын болса, қалған екі блокта шикізатқа және дайын өнімдерге арналған қоймалар орналасатын болады. Қазір осы үш блокты біріктірген жем зауытының ғимараты толық аяқталған. Мұнда бүгінгі күндері негізінен сылақ жұмыстары жүргізілуде. Құрылысты  «Қызылорда-Строй-груп» ЖШС жүргізуде. Нысан басында бұл күндері 92 адам жұмыс істеп жатыр. Зауыттың жобасын жасаған «Санжар-Проект-Сервис» ЖШС-ның жобалаушылары болса, ғимараттың металл конструкцияларын құрастырып берген «Техоснастка» ЖШС мекемесінің құрастырушылары.

Құрама жем зауытында Германияның «Петкус» фирмасының қондырғылары орнатылады. Қазір олар толықтай жеткізіліп, кедендік рәсімдеуден өткізіліп, өзінің құрастырылу сағатын күтіп тұрған жайы бар. Оны германиялық мамандардың өздері жүзеге асырады. Келісімшартта солай көрсетілген. Бұл жұмыстар шамамен бір айдан кейін басталады деп жоспарланып отыр.

Құрама жем зауыты құрылысы Қызылорда қаласының Индустрияландыру картасына енгізілген нысан. Ал өңірлік Индустрияландыру картасындағы жобаларға мемлекеттік қолдау шаралары, атап айтқанда, «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында қолдаулар көрсетіліп жатқаны белгілі. Міне, сондықтан құрама жем зауытына инженерлік желілер жеткізу үшін, яғни электрмен, сумен, газбен жабдықтауға, кәріз жүйесін жеткізуге бюджеттен 156,1 млн. теңге қаржы бөлініп, толық игерілгенін айта кету керек. Сол секілді жобаны жүзеге асыруға жұмсалатын 375,9 млн. теңгенің 49 пайызын «Байқоңыр» ӘКК қаржыландырса, қалған 51 пайызын серіктестік өзі тауып отыр.


Сонау ауыл шаруашылығы өркендеген кеңес заманы кезінде Қызылордада құрама жем зауыты болмаған еді. Енді елімізде баламасы жоқ зауыт биыл іске қосылады.