Қызылордада газды баллонға құйып сатуға тыйым салынды

Қызылордада бір отбасын түгелдей ажал құштыра жаздаған газ баллоны жарылысынан соң бекеттердің көгілдір отынды баллонға құйып сатуына шенеуніктер шектеу қойды. Алайда атқамінерлердің талабы тұрғындарды тығырыққа тіреп отыр. Өйткені баллондағы газға тәуелді бұқара ас-ауқат әзірлей алмай әбігерге түсіп жатыр.

Қарашаның 4-і күні Белкөл ауылында газ баллоны жарылып, бүтін бір үйдің күлі көкке ұшқан еді. Оқыс оқиғадан 47 жастағы әйел ажал құшса, оның баласы мен келіні және үш немересінің денесі қатты күйіп ауруханаға түскен. Марқұмның немерелерінің жағдайы әлі ауыр дейді дәрігерлер. Кісі өлімімен аяқталған оқиға талаптың күшеюіне түрткі болды. Шенеуніктер бекеттерге баллонға газ құйып сатуға тыйым салды. Ескертуді елемегендер енді қатаң жауапқа тартылады. Алайда атқамінерлердің бұл бастамасы тұрғындарды тығырыққа тіреді. Өйткені күндері газ баллонына қараған ел не істерін білмей бас қатыруда. Жапа шеккен жандардың да ендігі жайы не болары беймәлім. Олардың үйлері қирағандықтан, ауруханадан жазылып шыққан соң баратын жерлері жоқ. Қазір оларға ауыл жұрты мүкіндігінше көмек беріп жатыр.

«Үкімет ертең 6 ай көлемінде ғана көмектесеміз дейді. Оған дейін бауырларыммен бірге қайда барарымызды білмеймін. Үйіміз жоқ. 6 айдан соң кезекке тұрасыңдар дейді. Ол қай уақытта келеді, белгісіз. Оған дейін қайда жүреміз?», - дейді Қызылорда қаласының тұрғыны Азамат Жанахметұлы.