Еске сала кетейік, "Қазавиаспас" мекемесіне қарасты МИ-8 тікұшағы (борт саны 25001) Жалағаш ауылында (Қызылордадан 75 шақырым жерде) кеше 15 сағат 30 минутта Сырдария өзенінің арнасын бойлай ұшу барысында апатқа ұшырады. Қызылорда облысы әкімінің баспасөз хатшысы Сағитжан Бірмағанбетов апат орнында қаза тапқан. Тікұшақтың екінші пилоты Ғалым Нұрмағамбетов, облыстық төтенше жағдайлар департаменті төрағасының орынбасары Қазбек Төреманов, ҚР ТЖМ полковнигі Нұрлан Құмаров пен тікұшақтың ұшқышы - экипаж командирі Фахрадин Оңғарбаев ауруханада қайтыс болды. Зардап шеккендердің арасында облыс әкімі Мұхтар Құл-Мұхаммед те бар.
Қоштасу рәсімінде Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Құттықожа Ыдырысов, МИ-8 тікұшағының апатқа ұшырауын тексеру жөніндегі министрліктің арнайы комиссиясының жетекшісі, ТЖ вице-министрі Валерий Петров пен облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейілбек Шаухаманов сөз сөйлейді.
Қызылорда тұрғындары ертең жерленеді. Ал басқа қаза тапқандардың мәйіттері туған жерлеріне жіберіледі.