Қызылордада мотоциклді қуған жол полициясының кесірінен үш адам зардап шекті

Қызылорда қаласында мотоциклдің ізіне түскен жол патрульді полициясының кесірінен үш адам ауыр халде ауруханаға түскен. Оның екеуі кәмелеттік жасқа толмаған 15 және 17 жастағы жасөспірім қыздар, деп хабарлайды Caravan.kz медиа-порталы.

Ал полициядан қашамын деп зардап шеккен мотоциклші жігіт қазір комада жатыр. Алайда, ауруханада жатқан екі қыздың анасы Гүлмира Асанқызының айтуынша, полиция қызметкерлері өз кінәларын мойындамай жатқан көрінеді.

Оқиға 25 шілде күні Қызылорда қаласында болған.

«Түнгі 11 шамасында екі қызым, күйеуім және тағы бір туысқаным жақынымыздың туған күнінен шығып келе жатқан. Олар есік алдына шыққанда бір жол сақшысы көлігінің төбесіндегі жарқылдауығын қоспай мотоциклді қуып жүргенін көрген. Біршама уақыт қонақтармен тұрған соң күйеуім, қыздарым үйге жақындағанда әлгі жол полициясының мотоциклді әлі қуып жүргенін көрген. Жол сақшылары бір бірін шақырып үш көлік болып алған. Сол сәтте мотоцикл қатты жылдамдықпен келіп, отбасым отырған көлікті оң жақ бүйірінен соқты»,- деді Гүлмира Асанқызы.

Қашқан мотоциклдің иесі қатты соққыдан әлі күнге дейін ес-түссіз жатыр. Ал көліктегі екі жасөспірім қыз мыйы шайқалып, мұрны сынып, ауыр халде ауруханада ем қабылдауда. Гүлмира Асанқызының айтуынша, жол сақшылары жол апаты болған жерден із суытпақ болыпты. Бірақ оларды оқиғаға куә болған сол маңдағы тұрғындар ұстап қалған.

Ал көшедегі камераларға жол полициясының мотоциклді қуып жүргені түсіп қалыпты.


«Біріншіден бес баланың әкесі мотоциклдегі жігіт те қашпауы керек еді. Екіншіден бізде жол сақшылары мотоциклді, яғни екі аяқты көлікті қууға болмайды деген заң бар екен. Оны адвокаттар арқылы сұрап біліп жатырмыз», - дейді қыздардың анасы.

Зардап шеккендердің туған-туыстары орын алған оқиға бойынша Қызылорда қалалық ІІД және қалалық прокуратураға арыз түсірген. Онда жол полициясы көлігінің нөмірі  137 КР 11 деп, ал ішінде Мұрат Үсенов, Мейір Махмудов, Азамат Тұрмағамбетов отырған деп көрсетілген.   

«Бірақ полициядағылар Қызылорда облыстық жол полициясына жазыңыздар деп жатыр. Қаншама күн өтті. Әлі жүрміз, тым-тырыс, қозғалмайды. Тіпті арыз жазуға барсақ, бір жол сақшысы сенің дәлелің бар ма дегенді айтады», - дейді Гүлмира Асанқызы.