Қызылордада «Нашақорлыққа жол жоқ!» ұранымен футбол турнирі болып өтті

Осымен 14-мәрте өткізіліп отырған дәстүрлі жарысқа «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» АҚ демеушілік етті. Сайысқа облыстың барлық жеті ауданы мен Қызылорда қаласынан 8 команда қатысты.

Турнирдің мақсаты жалпы білім беретін мектеп оқушыларын дене шынықтыру және спортпен айналысуға, оның ішінде футбол ойынына тарту, жасөспірім спортшылар арасында достық қарым-қатынасты нығайту, спортшылардың шеберлігін арттыру, келешек спортшыларды анықтау болды.

Сегіз күнге созылған турнирде бірінші орынды Қызылорда қаласының, екінші орынды Арал ауданының, үшінші орынды Қазалы ауданының командалары жеңіп алды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқарамасының алғысхаттарымен және «Петро Қазақстан Құмкөл Ресорсиз» акционерлік қоғамының Кубогымен, сондай-ақ бағалы сыйлықтарымен марапатталды.