Төтенше жағдайлар жөніндегі департамент төрағасы Мархабат Жайлымбетовтың ақпаратына сәйкес, базарда өрт шыққаны туралы дабыл "01" кезекші бөліміне 8-қарашада 4 сағат 37 минутта түскен. Өрт сөндірушілердің бірінші тобы оқиға орнына 7 минутта келіп жеткен. "Жалаңдаған жалынның бетін қайтаруға облыс орталығынан барлығы 11 өрт сөндіруші машина мен 80 өрт сөндіруші жұмылдырылды. Төтенше жағдайлар министрлігінің Оңтүстік аймақтық шұғыл құтқару отрядының мамандары мен техникасын да шақыруға тура келді",- деді М.Жайлымбетов. Өрт 10 сағат 36 минутта әрең сөндірілді.
Артынан белгілі болғанындай, базардағы өрт түнгі 3 сағат шамасында шыққан. Алайда, базар күзетшілері өртті бастапқыда өз бетімен сөндіруге тырысқан көрінеді.
Өрттің шығу себептері мен шығын көлемі тергеу нәтижесінде анықталады. Базарда жуырда ғана жөндеу жұмыстары жүргізіліп, оған 4 млн. теңге жұмсалған. Ондағы сауда алаңдарының жалпы аумағы 1500 шаршы метрді құрайды. Өрт екінші және үшінші қабаттағы өнеркәсіп тауарлары мен жиҺаз сатылатын барлық бутиктер мен қоймаларды, сондай-ақ, көршілес "Сыбаға" базарындағы бірнеше сауда жаймаларын жалмап кетті.
Қазір қалалық билік жұмыссыз қалған "Отырар" базарының саудагерлеріне "Арзан" деп аталатын жаңа коммуналдық базарға көшуді ұсынуда.
М.Жайлымбетовтың хабарлауынша, қаңтар және маусым айларында "Отырар" базарына жүргізілген тексеру кезінде өрт инспекторлары өртке қарсы қауіпсіздік ережелерін бұзуға қатысты 32 жайтты анықтаған көрінеді.