Қызылордада республикалық жыршы-жыраулар байқауы өткізіледі

Бұл туралы Caravan.kz медиа порталы ҚазАқпарат-қа сілтеме жасап хабарлайды.

Аталған шара ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесіне орай ұйымдастырылады. Осыған орай облыстағы мәдениет ұйымдары мен өнер мекемелерінде түрлі мәдени шаралар қолға алынып отыр.

«Тәуелсіздіктің 30 жылдығына бізде облыстық іс-шаралар жоспары бекітілген. Жыл басынан бері барлық мәдениет ұйымдарында және өнер мекемелеріндеосы мерекеге байланысты ауқымды шаралар өткізілуде. Оның ішінде «Тұғыры биік Тәуелсіздік» атты республикалық ақындар айтысын атап өтсек болады. Осы сипаттағы шараларымыз барлық мәдениет ұйымдарында жалғасын табуда»,- деді облыстық мәдениет архивтер және құжаттама басқармасы басшысының міндетін атқарушы Нұршат Наурызбаева.

Ел Тәуелсіздігінің мерейтойы қарсаңында Кете Жүсіп Ешниязұлының 150 жылдығын атап өту де жоспарланған.

Сондай-ақ, облыстық филармония тарапынан да осы мақсатта көптеген мәдени шаралар өткізіледі.


«Аталған іс-шаралар қатарында Тұрмағамбет атындағы халық аспаптар оркестрінің жыл концертін атап өтсек болады. Оған қоса, «Қорқыт сазы» қобызшылар ансамблінің «Сарын» атты сазды кеші және қазақтың аңыз және салт ертегілерінің 30 кейіпкері циклымен «Әдемі» балалар музыкалық театр-студиясының қысқаметражды қойылымы көрермен қатысуымен өткізіледі. Қалған туындылар пандемия жағдайына байланысты онлайн форматта ұйымдастырылады», - деді облыстық филармонияның директоры Талғат Мақашев.

Еске салсақ, бұдан бұрын Қызылорда облысында ардагерлер ұйымының конференциясы өтті.